Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының полицейлері бірнеше мал ұрлығын ашты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА аймақтық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ауласынан өгізі ұрланғанын айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі – 150 мың теңге. Аталған факті ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеліп, сотқа дейінгі іс жүргізуді басталды.

Сондай-ақ, АПБ-ның кезекші бөліміне Ордабасы ауданының тағы бір тұрғыны шағымданып, жайылымнан сиыры жоғалғанын хабарлады. Ал үшінші арызданушы полиция қызметкерлеріне үйінің ауласынан бір бұқасы ұрланғанын мәлімдеді.

Ордабасы АПБ-де тәжірибелі полицейлерден тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары жақын төңіректі түгел аралап, куәгерлерден жауап алды. Нәтижесінде жедел уәкілдер аудан аумағында мал ұрлығының үш фактісіне қатысы бар қылмыстық топты ұстады.

Күдіктілердің бірі Шымкент қаласының тұрғыны, ал екіншісі жергілікті тұрғын екені анықталды. Олар қараусыз қалған жануарларды ауладан және жайылымнан ұрлап, автокөліктеріне тиеп алатын болған. Ұрланған малды сатқан, ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Күдіктілерден ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Олар ұрлық жасағанын толық мойындады. Қазір аудандық полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және малды қараусыз қалдырмау қажет екенін ескертеді.

Соңғы жаңалықтар