Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан 2 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Ордабасы мен Арыс ауданында мал ұрлап келген екі ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Тұрғындарға жалпы 18 млн теңге шығын келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов айтып берді.

«Ордабасы ауданында мал ұрлығымен айналысқан 5 күдіктіні ұстадық. Яғни, қылмысты ұйымдастырушы мен сыбайластары қолға түсті. Сондай-ақ, жылқы етін сатып алып отырған сатушы әйел де ұсталды», - деді Қ. Сахов. Күдіктілердің бірі бұрын да мал ұрлағаны үшін сотталған Шымкент қаласының тұрғыны. Ал қалғандары бір-біріне туыс Ордабасы ауданының тұрғындары.

Қылмыстық топ құны 10,4 млн болатын 26 жылқыны ұрлаған. Олардың әрқайсысы өзінің атқаратын рөлін бөліп алып, жоспарлы түрде ұрлаған жылқыны сойып, етін базарға өткізіп отырған.

Олардан малды тасымалдаған «Газель» көлігі мен 2 жылқы тәркіленген. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды. Оларға қатысты ҚР ҚК 188-1-бабы «мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, дәл осыған ұқсас мал ұрлығын жасап келген тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топ Арыс ауданында қолға түсті.

«Бұл топтың ұйымдастырушысы өзінің 2 сыбайласымен бірге жайылымға барып, жылқыны атып алып отырған. Сол жерде сойып, етін «БМВ» маркалы көліктеріне салып алып кеткен. Сосын оны ақшаға сатқан. Тексеру кезінде ұсталған 3 күдікті де бұрын осындай қылмысы үшін сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ, күдіктілерден жылқы етін сатып алған 2 ер адам қолға түсті», - деді Құрманбек Сахов.

Күдіктілердің бірі Шымкент қаласының, екіншісі Түркістан облысының Сайрам ауданының тұрғындары.

Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жалпы 19 жылқыны ұрлап, мал иелеріне 7,6 млн теңге шығын келтірген. Аталған топ мүшелерінен «БМВ» маркалы жеңіл көлік пен 16 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленді. Бүгінде бұл топ мүшелері де қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар