Түркістан облысында қысқы сор шаю жұмыстары жүргізілуде

None
None
МАҚТААРАЛ.ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда өңірдің күре тамыры саналған Достық каналынан секундына 42 текше метр ағын су берілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков су арналары мен суармалы жерлерді аралап көрді. Оның айтуынша, ауданға қарасты ауылдық округтерде 23 ауылшаруашылық өндірістік кооператив бар. Соның ішінде бүгінгі таңда 21 кооперативпен келісімшарт жасалып, секундына 45,25 текше метр ағын су алуға сұраныс түскен. Өңірде 61 мың гектарға жуық суармалы жер бар болса, бүгінгі таңда 56 413 гектар жер айдалған. Қысқы сор шаю үшін 47 973 гектар жерге пал алынған. Каналдар мен суармалы жерлерді арнайы бақылап келген ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы қалған жерлерге де пал алдыру үшін шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Палсыз сор шаю жұмыстарын жүргізу - ағын суды ысырап қылуға алып келеді. Сондай-ақ, егістік жерді жағалай орналасқан жолдардың бұзылуына себеп болады. Сондықтан, ауданымыздың шаруаларына бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Ғалым Дүйсенбеков.

Айта кетейік, өткен жылдың 1 қазанында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының Мақтаарал өндірістік бөлімшесі Мақтаарал және Жетісай өндірістік бөлімшелері болып қайта құрылды. Сол күннен бастап Мақтаарал өндірістік бөлімшесінің мамандары қысқы сор шаю науқанына дайындық жұмыстарына кірісіп, каналдар тазалау мен коллекторларды ретке келтіруде. Қазіргі таңда «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру - 2» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары тоқтап, бұған дейін жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын 9 каналдың құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қысқы сор шаю маусымы аяқталған соң, құрылыс жұмыстары қайта жалғасады деп күтілуде. Мақтаарал өндірістік бөлімшесі есебінде ұзындығы 224,7 шақырымды құрайтын 23 дана шаруашылықаралық қашыртқысы бар. Сол секілді 130 дана тік дренажды ұңғымалар жұмыс жасауда. «Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру - 2» жобасы аясында тағы 145 дана тік дренаж қайта қалпына келтірілетін болады.




Фото: dknews.kz


Соңғы жаңалықтар