Түркістан облысында қысқа дайындық қалай жүріп жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысына жылыту маусымында қажетті қатты отын көлемі - 1 003,2 мың тонна. Бүгінде тасымалданғаны - 294,1 мың тонна, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев айтты.

БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте өңірдің қысқы кезеңге дайындық бойынша егжей-тегжейлі баяндалды.

«2020-2021 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы жоспарға сай жүргізілуде. Облыс бойынша 586 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Қысқы маусымға дайындалғаны 442 тұрғын үй. Ал 2623 бюджеттік мекемелерді алдағы жылу маусымына дайындау жоспарланған, бүгінгі күнге 2253 мекемеде дайындық жұмысы жүргізілді», - деді Ерік Темірханұлы.

Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Шерзат Сүттібаевтің мәліметінше, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына дайын.

Жалпы 4152,34 шақырым жолдың 1943,3 шақырымы - бірінші кезекте қардан тазаланып, инертті материал себілетін жолдар болса, оның ішінде 434 шақырымы - таулы өңірлердегі қар қатты басып қалуы қаупі жоғары аймақтар.

Сонымен қатар, облыстық маңыздағы жолды қыс мезгілінде күтіп ұстауға облыстық бюджеттен 69 млн теңге қаржы қаралған. Жолды күтіп ұстауға 354 жұмысшы мен 124 техниканы жұмылдыру жоспарланған.

Сонымен қатар, қыс мезгілінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шұғыл әрекеттерді жасауға жол мекемелерімен жедел хабарландыру сызбасы бекітілген.

«Жолдың жай-күйін күнделікті бақылау және төтенше жағдайлар департаметімен дер кезінде ақпарат алмасу үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыз мезгілінде жолда қалып қойған жолаушыларға жағдай жасау мақсатында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 4 жылыту бекеті орналасқан. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында, облыстық маңызы бар «Қошқарата-Жарықбас-Бірлік» автомобиль жолының 28-ші шақырымында «Шыбықбел» және «Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді» автомобиль жолының 605-ші шақырымында «Одаманбұлақ» жылыту бекеттері бар. Сондай-ақ, Созақ ауданында «Жамбыл облысының шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Кентау» автомобиль жолының 63-ші шақырымында «Ащысай» және «Ұланбел-Созақ-Шаян-Екпінді» автомобиль жолының 593-ші шақырымында «Таскөмірсай» жылыту бекеттері ораналасқан. Барлық жылыту бекеттерін жылы күйде ұстау мақсатында кезекші қойылып, 60 тонна көмір отынымен қамтамасыз етілді», - деді Шерзат Анарқұлұлы.


Соңғы жаңалықтар