Түркістан облысында құрылыс материалдары  40 пайызға дейін қымбаттаған
2022 жылғы 12 тамыз 00:37

Түркістан облысында құрылыс материалдары 40 пайызға дейін қымбаттаған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Биыл Түркістан өңірінде жол құрылысына қажетті материалдар шамамен 20-40 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оңтүстік өңірде талай жыл автожол саласын басқарған тәжірибелі маман, ардагер жолшы Мақсат Мырзабаев жол құрылысымен айналысатындардың қандай қиындыққа тап болғанын айтып берді.

Оның айтуынша, жыл басында битумның әр тоннасы 165-170 мың теңге болса, қазір 210 мың теңгеге бір-ақ жеткен.

«Түркістан облысы Төлеби ауданындағы «Qazaq bitum» зауыты бар. Алайда оның өнімі өңірге жетпейді. Сондықтан мердігер мекемелер Ақтауға ағылып, «Каспий битум» зауытынан қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Дегенмен бұл зауыт та нарықты толық қамтамасыз ете алмайды. Соның кесірінен құрылыс қаңтарылып, жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігеді. Нысандар уақытылы пайдалануға берілмей қалады. Оның үстіне битумның біразы көршілес Өзбекстан, Қырғыз Республикаларына экспортталатыны жасырын емес. Ішкі нарықты қамти алмай отырғанда бұл нағыз қысастық,- дейді тәжірибелі жолшы.

Мақсат Сайлайбайұлы құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы мердігерлерге ауыр тигенін айтады.

«Көбісі үлкен шығынға ұшырауда. Өйткені 2020-2021 жылғы әзірленген құжаттардағы бағалар биыл 20-40% ға артқаны байқалады. Сондықтан тапсырыс берушілер мен мердігерлер бағаларды түзетуге салалық министрлікке ұсыныс жолдауға мәжбүр. Сондықтан тиісті министрліктер бұл проблемаға бей-жай қарамай, тиісті шара қабылдауы керек. Тіпті құрылыс бағасын қалыптастыру бойынша қолданыстағы заң талаптарына өзгерістер енгізу қажет»,- дейді Мақсат Сайлаубайұлы.

Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT