Түркістан облысында құқық қорғау өкілдеріне түрлі деңгейдегі марапаттар тапсырылды

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - Түркістан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кезекті мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, құқық қорғау өкілдеріне түрлі деңгейдегі марапаттарды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арман Жетпісбаев азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау міндеттелген сала қызметкерлеріне облыстың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, осы саланың үздіктеріне құрмет көрсетті.

«Тәуелсіздік – басымызға бұйырған беделді бақ, абыройлы міндет. Біз, баршамыз осы тарихи кезеңде Түркі жұртының рухани орталығын қайта түлету жұмыстарының бел ортасында жүрген бақытты азаматтармыз. Тәуелсіз мемлекеттің тірегі және қорғаны болып жүрген азаматтардың еңбегі ерен. Бүгінгі таңда облыс бойынша осы салада 4 мыңнан астам азамат қызмет атқарып жатыр»,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Салтанатты шарада облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек те Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екеніне тоқталып, тәртіп сақшыларын марапаттады.

Жиында прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, полиция және құқық қорғау саласының өзге де қызмет өкілдеріне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», Түркістан облысы әкімінің алғыс хаты мен Құрмет грамоталары тапсырылды.

Өңірдің танымал өнер жұлдыздары мен мәдениет саласының өкілдері өнер көрсетіп, патриоттық әндер шырқалды. Тәуелсіз Қазақстан мен жаңарған Түркістанның жетістіктері сөз болып, рухты оятатын концерттік бағдарлама ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар