Түркістан облысында коронавирусты анықтайтын жаңа зертхана ашылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында коронавирус инфекциясының ықтимал белең алу жағдайлары ескеріле отырып, емдеу мекемелерінде күрес жоспары бекітілді. Жалпы, медициналық ұйымдарда 6000-ға жуық төсек орынмен қамту қауқары қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста пандемияның екінші толқынына дайындық барысында ауруханаларда материалды-техникалық база жақсартылған. Өкпені жасанды желдету аппараттар саны 65 пайызға артқан. Сонымен қатар қуаттылығы орасан 80 оксиген аппараты алынды. Оттегі концентраторларының саны 900 бірлікке жеткізіліп, өсім 95,0% - ды құраған. Аурухана аймақтарынан салынған оттегі станциялары екі есеге артқан. Жалпы 8 станция жұмыс істеп тұр. Емдеу мекемесін толығымен оттегімен қамтамасыз ететін станцияның бірі Кентау қалалық орталық ауруханасында орнатылған. Аурухана жаңадан ашылған гемодиализ орталығы, компьютерлік томография, сандық рентген аппараты, жаңа үлгідегі УДЗ мен зертханалық диагностикалық аппараттарымен жабдықталған. Арыс қалалық орталық ауруханасында да Covid-19 инфекциясымен күрес жұмыстары барынша қолға алынған. Медициналық ұйым жеке қорғаныс киімдері мен дәрі-дәрмектің екі айлық қорымен қамтамасыз етілген. Жансақтау бөлімінде 9 өкпені жасанды желдету аппараты, қосымша оттегі оксигенераторлары және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Коронавирус инфекциясымен күреске жұмылдырылған 19 мобильді топ халыққа қызмет көрсетуде. Сол сияқты Ордабасы аудандық орталық ауруханасында коронавирус инфекциясын анықтайтын зертхана іске қосылды. ПТР сынамасы бойынша анықтайтын зертхана тәулігіне 500-ге жуық тест қабылдауға мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта Арыс қаласы мен Бәйдібек аудандарынан сынама қабылдау жоспарлануда. Түркістан облысы бойынша мұндай 12 зертхана жұмыс істеуде. Сонымен қатар ауданда ескі аурухана ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, 100 төсек орындық провизорлық бөлім ашылды. Қазіргі таңда емдеу мекемесі жеке оттегі станциясы, 23 өкпені жасанды желдету аппаратымен жасақталған.

«Індеттің бірінші толқынында орын алған кемшіліктерді болдырмау үшін бүгінде барлық тиісті жағдайлар жасалуда. Атап айтсақ, 2-3 айға жететін ауруға қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті деңгейде алынды. Енді облыстық медициналық жедел-жәрдем қызметі жыл соңына дейін қосымша 120 көлікпен қамтылатын болады. Шалғай ауылдарға 12 жылжымалы медициналық кешен алынуда», – деді облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Аймақта бүгінде жалпы 23429 медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 3331 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия белең алғалы облыста Covid-19 инфекциясы расталған 3395 жағдай тіркелді. Олардың 2355-де ауру симптомсыз өткен болатын.

Облыстағы мекемелерде 8 оттегі станциясы, 400 ӨЖЖ аппараты, мыңнан аса оттегі аппараты бар. 3 айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған, 40-тан астам дәрі қоймасы, 800-дей дәріхана жұмыс істейді.



Соңғы жаңалықтар