Түркістан облысында көпбалалы отбасының балаларына қайырымдылық көмек көрсетілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында көпбалалы медицина қызметкерлерінің балаларына арналған қайырымдылық акциясы өтті.

Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған шарада мектеп оқушыларына оқу құралдары мен киім-кешектер тарту етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шара барысында 9 облыстық емдеу мекемелерінде жұмыс істейтін 19 қызметкердің балаларына көмек көрсетілді. Бұл қызметкерлердің қатарында көпбалалы медбикелер мен санитарлық қызметкерлер бар. Акция кезінде әрбір балаға мектепке керек-жарақтан бастап, арнайы формалар үлестірілді. Медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы басшылығы алдағы уақытта да мектепке баратын балаларға қолдау көрсетеміз деп отыр.

«Қазіргі таңда көпбалалы отбасыларға балаларын мектепке дайындау біраз қиындықтар туғызып отыр. Осы жәйтті ескеріп біз қызметкерлердің тізімін жасағанда балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған, көпбалалы аналарды қосуға тырыстық. Оларға ақшалай да көмек беріп отырмыз. Бұл шара алдағы уақытта Түркістан облысы бойынша барлық аудандық ауруханаларда да ұйымдастырылатын болады. Келер жылы да біз бұл бастаманы жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз»,- дейді «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Асхат Ақылбеков.

Өз кезегінде мектепке қажетті су жаңа сөмкелер мен формалар, кеңсе заттарын алған балалар мен ата-аналары басқарма басшылығы мен кәсіподақ ұйымына дән ризашылықтарын білдірді.




Соңғы жаңалықтар