Түркістан облысында көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына әлеуметтік қолдау шараларын күшейту мақсатында арнайы штаб құрылып, әлеуметтік карта жасалынды. Соған сәйкес облыстағы 86,6 мың көпбалалы отбасының 19 мыңы аз қамтылғандар қатарына енгізілген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ербол Садырдың айтуынша, «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына әлеуметтік қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар берген. Осы бағытта аймақта атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынылды.

«Түркістан облысында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген 56,9 мың азаматқа консультациялық кеңес беріліп, облыс бойынша қабылданған 32 326 отбасының өтініші «Е-халық» ақпараттық электрондық жүйесіне енгізілген. Бүгінгі таңда 24 748 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 21 608 отбасыға 4,7 млрд теңге төленді. Сонымен қатар, бірінші тоқсанда көмек мөлшері қайта қаралып, 15 422 отбасыға көбейген мөлшерде атаулы әлеуметтік көмек төленді», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Ағымдағы жылы енгізілген өзгерістерге байланысты шартты ақшалай көмек 12 айға, шартсыз ақшалай көмек 6 айға тағайындалатын болды. Бір отбасыға атаулы әлеуметтік көмектің айлық мөлшері орта есеппен 100-150 мың теңгені, жылдық мөлшері 1,8 - 2 млн теңгені құрайды. Осыған байланысты қомақты қаржыны тиімді пайдалану үшін және өз ісін ашып, қосымша табыс табу мақсатында облыста аз қамтылған азаматтарды кәсіпкерлікке тарту бойынша жұмыстары жүргізілуде.

«Өткен жылдың тәжірибесінің негізінде атаулы әлеуметтік көмектің біржолғы төлеміне басымдық беріп, аталған қаржы есебінен облыста әзірленген 15 кіші бизнес-жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 2019 жылдың 1 тоқсанында 400-ге жуық отбасы өз ісін ашты. Қосымша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз 500 мың теңге мемлекеттік гранттар берілетін болады», - деді Ербол Садыр.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінгі таңда облыста көпбалалы отбасыларға арналған «Ырыс» микроқаржы ұйымы тарапынан бір пайыздық 2 млн теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несие берілуде. Осы мақсатқа қазынадан 100 млн теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылы республикалық бюджет есебінен 1248 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Қосымша, облыстық бюджеттен халықтың осал топтарына 44 тұрғын үйдің (2309 пәтер) құрылысына 7,3 млрд теңге қарастырылған.

«Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары демеушілер есебінен де жүргізілуде. Олардың тарапынан 18 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылған. Қосымша демеушілер 34,3 мың көпбалалы отбасыға 285 млн. теңгеге қаржылай және заттай материалдық көмек көрсетілді»,- дейді Ербол Садыр.

Соңғы жаңалықтар