Түркістан облысында көпбалалы аналардың құрметіне ерекше музей ашылды

None
None
АҚСУКЕНТ. ҚазАқпарат- Бүгін Сайрам ауданының орталығы Ақсукентте «Ардақты ана» музейі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай музей елімізде тұңғыш рет Түркістан облысында ел игілігіне беріліп отыр.

Онда алтын құрсақты аналарды ардақтауға, олардың ерен еңбектерін насихаттауға, әр салада жетістікке жеткен үлгілі аналарды құрметтеуге бағытталған жәдігерлер мен насихат материалдары қойылған.

Мәдени нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қатысып, сайрамдықтарды жаңа музейдің ел игілігіне берілуімен құттықтады.

«Түркістан облысы елімізде демографиялық даму тұрғысынан көш бастап тұр. Мемлекетімізде дүниеге келген әрбір бесінші бала біздің өңірде өмір есігін ашады. Осы ретте облысымызда тұрып жатқан алтын құрсақты аналарымыздың еңбегін атап өтуге тұрарлық. Көпбалалы аналарымызға әрқашанда қолдау білдіріп, қуаттап отыруға, ерекше құрмет көрсетуге тиіспіз»,- деді Сәкен Амангелдіұлы.

Шара барысында қонақтар мен жергілікті тұрғындар жаңа музей экспозициясымен танысты.


Соңғы жаңалықтар