Түркістан облысында көпбалалы аналар киелі жерлерге зиярат етіп қайтты

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 100 көпбалалы ана «Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында киелі жерлерге зиярат етіп қайтты. Төлеби ауданы әкімдігінің ұйымдастырумен өткен саяхат барысында нәзікжандылар қасиетті «Домалақ ана», «Арыстанбаб» және рухани астанамыз Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аналарды жолға шығарып салу рәсімінде аудан әкімі Бауыржан Омарбеков пен аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Қойбағаров оларды келе жатқан мерекемен құттықтап, сәт сапар тіледі. Отбасының күнделікті шаруасы мен бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқарып жүрген әйелдер қауымы осылайша саяхат жасап қайтты. Олар үшін киелі Түркістан шаһарында түскі ас ұйымдастырылып, арнайы мерекелік концерт қойылды. Сондай-ақ, «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ұстаныммен әрқайсысына ақ жаулық тарту етілді.

Мереке қарсаңында Бәйдібек ауданында да полицейлер тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға қайырымдылық жасады. Тәртіп сақшылары он ауылдық округінде тұратын 20 жанұяның үйлерінде болып, азық-түлік заттарын таратты. Полиция қызметкерлері бұл қадамның басты себебі, ауданда тұратын тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға және олардың балаларына қуаныш сыйлау болғанын айтады. Алдағы уақытта аталған полиция бөлімі тарапынан осындай қайырымдылық іс-шаралары жалғасын таппақ.

Соңғы жаңалықтар