Түркістан облысында көпбалалы ана мемлекеттің қолдауымен кондитер цехын ашты

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Жадыра Байжанова кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, өз үйінен кондитерлік цех ашқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төрт қыздың анасы бұл кәсіпті бастамас бұрын кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы курс оқып, 555 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алған.

Сол қаржыға бәліш пісіретін пеш алып, үйінде түрлі нан өнімдерін дайындауды қолға алды.

«Жалпы, бұл кәсіппен айналысып жүргеніме үш жылға жуықтады. Бастапқыда өнімдерімді дүкендерге өткізіп жүрдім. Кейіннен үйде отырып тапсырыс қабылдауға көштім. Өзімнің машықтанған кәсібім болған соң, мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, осы істі қолға алғанды жөн көрдім. Енді қасыма көмекші қыздар алып, осы іспен айналысып келемін», – дейді Жадыра Жолдасқызы.

Уақыт өткен сайын өнімге деген сұраныс артып келе жатқанын байқаған кәсіпкер, келешекте халық көп шоғырланған орталық жерден тәттілер пісіретін орын ашуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ауданда ағымдағы жылдың 10 айында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған 555 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты 202 азамат алған.

Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 10 айдың нәтижесімен 60 азамат оқуға жіберілген.

Биыл жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жоспардағы 90 азаматтың 60-на несие берілсе, оның 3-еуі мүмкіндігі шектеулі жандар.


Соңғы жаңалықтар