Түркістан облысында көмірге сұраныс күрт өсті

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Облыстың оңтүстік аудандарында көмірге сұраныс күрт өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басты себеп – облыста жылыжайлардың көбеюі. Сондықтан, кәсіпкерлік бағыттағы нысандарды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, күннің күрт суытуы да көмірге деген сұранысты жоғарылатқан.

Жалпы, өңірде қатты отынның қажеттілігі 900 мың тоннадан асады. Бүгінде оның 90%-ы тасымалданған. Бұған қосымша, тағы 200 вагон көмір жеткізілмек.

Облыс тұрғындарын көмір отынымен қамтамасыз ету мәселелері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, коммуналдық-тұрмыстық салаға бір жылда 250 мың тонна көмір қажет. Тұрғындардың қажеттілігі 650 мың тоннадан асады. Оның ішінде, Түркістан қаласына 690 тонна, Арыс қаласына 510, Сарыағаш ауданына 1500, Төлеби ауданына 800, Созақ ауданына 1700 тонна керек. Облыс көлемінде 26 темір жол тұйығы бар. Басқарма басшысының айтуынша, халық арасында дүрбелең тумас үшін, көмір өткізетін орындардың өкілдері тұрғындарға тиісті ақпарат беруі қажет.

«Тұрғындар қажетті көмірмен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Мәселені күнделікті бақылауда ұстау керек. Сұраныстың артуы да алдын ала болжануы қажет. Мониторинг жасап, нақты ақпараттарды жинақтап, алдын алуды жүйелі жолға қою керек», - деді облыс әкімі.

Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуге байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «ҚТЖ», кен орындары басшыларымен жедел штаб құрылған. Тиісті министрліктерге вагон санын ұлғайтып, көмір көлемін арттыруға қатысты хат жолданған. Көмір сапасы әкімдік ұсынысымен тәуелсіз сапаршылардың тексеруінде. Жылыту маусымының штаттық режимде өтуі бақылауға алынған.


Соңғы жаңалықтар