Түркістан облысында көмір тасымалында кемшілікке жол берген басшылар сөгіс алды

Фото:
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Түркістан облысында көмір тасымалдауда кемшіліктерге жол берген басшылар сөгіс алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жылыту маусымының барысы мен көмір жеткізудегі өзекті мәселелер талқыланды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көмір тасымалдаудағы кемшіліктер үшін бірінші орынбасарына, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасының басшыларына сөгіс жариялады.

«Басқарма мен аудан, қала әкімдері өз жұмыстарын төмен деңгейде орындағандықтан халық, жылыжай иелері қиналып отыр. Сондықтан жауапты орынбасар мен басқармалар жылыжай иелерімен кездесіп, көмек беру жолдарын қарасын. Аудан, қала әкімдеріне жергілікті полициямен бірге делдалдардың, алыпсатарлардың жұмысын қадағалап, заң аясында шара қабылдауды тапсырамын. Делдалдық жүйеге жол берілмесін. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Қазақстан темір жолы» компаниясымен тиісті келіссөз жүргізсін. Біз өз тарапымыздан келіссөз жүргіздік, көмір бар, вагондар бөлуге келісіп отыр. Жұмысты дұрыс ұйымдастырыңыздар» , – деді Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ, өңір басшысы жылу беру маусымы бойынша тұрақты мониторингтік жұмыс жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, мұның алдында көмір тапшылығынан Түркістан облысында жылыжайдағы өнімдер үсіп жатқанын жазған болатынбыз.


Фото: Түркістан облысы әкімдігі


Соңғы жаңалықтар