Түркістан облысында көмір тапшылығы жоқ – Арман Жетпісбай

Фото:
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысына таяу арада 349 вагон көмір жеткізіледі. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы аудан-қалаларда көмір тапшылығы туындағаны туралы көптеген жазбалар жарияланып жатыр.

Тіпті, Отырар, Шардара аудандарында көмірдің тапшылығы туындап жатқаны жайлы видеолар тарады.

Ал, бүгін Түркістан өңірлік комуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай бұл мәліметті теріске шығарып, өңірде көмір тапшылығы жоқ екенін айтты.

«Түркістан өңірінде 26 көмір қабылдайтын темір жол тұйығы, 21 көмір тасымалдайтын мекеме бар. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдіктері өз елді мекендерінде орналасқан темір жол тұйығы немесе база, қоймаларға халықты тұрақты көмірмен қамтамасыз ету үшін көмір жеткізуші, сатушылармен тиісті жұмыс атқарып жатыр. Рейд тұрақты түрде жүргізілуде. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, ҚТЖ және кен орындарымен бірге келіссөз өткізіп, Түркістан облысына көмір жеткізуді ұлғайту жөнінде келісімге келдік. Көмірді жеткізу 60-70 вагоннан бірнеше бағыт бойынша жүзеге асады, негізгі бөлігі жылыжайларға - Сарыағаш ауданына жөнелтіліп жатыр. Көмір тапшылығы жоқ», - деді ол.

Спикердің айтуынша қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 1 618 тонна көмір қоры бар.

Оның ішінде, Сарыағашта – 1 311, Созақта – 100, Арыста 207 тонна көмір жинақталған.

Кеше 49 вагон көмір түскен. Ал, бүгін 102 вагон түсіріліп жатыр. Сондай-ақ, 349 вагон көмір жолда келе жатыр.

Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ішкі нарықты әсіресе шалғайдағы елді мекендерді көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізгенін атап өтті.

«Өңірлік операторлардың көмірді жеткізу жөніндегі қызметін талдауды және делдалдарсыз әлеуметтік объектілермен халыққа кен орындарынан тікелей көмірді жеткізудің жаңа тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл бағытта жұмыс жүреді. Жылыту маусымының барысы және көмір мәселесі тұрақты бақылауда. Кейбір аймақтарда анықталған кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізіліп, көмір қорын жеткізу және жылыту маусымы тұрақты бақылауға алынған», – деді А. Жетпісбай.

Айта кетейік, бұдан алдын көмір тапшылығынан Түркістан облысында жылыжайдағы өнімдер үсіп кеткенін жазған болатынбыз.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі



Соңғы жаңалықтар