Түркістан облысында көлік ұрылары ұсталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тұрғыны рұқсат қағазы болмауына байланысты блокпосттан өте алмай қалған. Көлігін үш тәулікке газ құю бекетіне тастап кеткен тұрғын оны соңынан таппай қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, көлігін жоғалтқан тұрғын полицияға арызданған. Айтуынша, «Самара-Шымкент» тас жолында орналасқан газ құю бекетінің операторына өтініш етіп, өзіне тиесілі маркасы «Audi 100» автокөлігін тастап кеткенін көрсеткен. Өзіне 1,5 млн теңгенің шығын келгенін жеткізген. Жедел іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары күдіктіні Кентау қаласына қарасты ауылдардың бірінен ұстады. Ол газ құю бекетінің қызметкері болып шықты.

«Тергеу барысында күдіктінің көлікті мас күйде айдап кетіп , Түркістан қаласына дейін келгені белгілі болған. Кейіннен өзінің ізін жасыру мақсатында көлікті Түркістан қаласындағы көпқабатты пәтерлердің бірінің ауласына тастап, өзі Кентаудағы туысының үйіне барғаны анықталды. Айғақзат ретінде тәркіленіп алынған автокөлік заңды иесіне қайтарылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Ал, Сарыағаш ауданында жергілікті тұрғын шаштаразға кірген кезде белгісіз біреулер көлігін ұрлап кеткенін жеткізген. Қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, блокпосттарда тұрған полицейлерге бағыттама берілген. Соның нәтижесінде келесі күні Сарыағаш АПБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторлары полиция майоры Ильяс Егізбаев пен полиция капитаны Сержан Құлжановтар іздеудегі көлікті байқап қалған. Тексеру барысында ішінде ішімдікке тойып алған екі тұрғынның бары анықталған. Тергеу барысында бір көшеде тұратын екі таныс мас халде келе жатып, есігі ашық тұрған көлікке мініп кеткені анықталған. Қазіргі таңда екі жайт та ҚР ҚК-нің 200-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар