Түркістан облысында көкпар ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық адам жиналған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының полицейлері карантинге қарамастан көкпар өткізген тұрғынды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысы бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес облыс бойынша карантин режимін сақтау, яғни бетперде тағып жүру, арақашықты сақтау міндеттелген.

Бүгінгі таңда осы талаптардың орындалуы тиісті органдардың қатаң бақылауында. Оның ішінде Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері арнайы құрылған мобильді топтармен бірге жүйелі жұмыс жүргізуде.

Мысалы, Төлеби ауданының полицейлері карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұза отырып, өткізіліп жатқан көкпарды анықтады.

Тексеру кезінде жергілікті тұрғынның Алатау ауылдық округі аумағында 100-ге жуық адамның басын қосып, көкпар жасағаны белгілі болды.

Мобильді топ бірден шоғырланған адамдар тобын тарқатып, оларға карантин талаптарын бұзбау керектігін түсіндірді.

Сондай-ақ көкпар ұйымдастырушысын жауапқа тартты.

Оған қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша іс-құжаттары жинақталып, СЭС-ке жолданды. Тұрғынға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар