Түркістан облысында қатты жел тұрғындарды әбігерге салып жатыр

None
Фото: Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында кешелі бері қатты жел тұрып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, бүгін Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Түлкібас аудандарында желдің күші секундына 24 метрге дейін жеткен. Ал, Кентау қаласында 17, Шәуілдірде 22 метр секунд болып тұр. Созақ ауданында да жел күшейе түскен. Мамандар өңірдегі дауыл ертең де жалғасатынын ескертіп отыр. Тек, 3 сәуірден бастап желдің күші бәсеңдей түспек.

Қатты желдің салдарынан Түркістан қаласында көшеге қойылған сәндік жазбалар мен көрнекіліктер ұшып кеткен. Аллеяларға қойылған орындықтар мен көшелердегі жол белгілеріне және жарнамалық банерлерге зиян келген. Кей аудандарда жарық та өшіп қалып жатыр.

«Ауа райының күрт өзгеруінен және желдің күшеюінен орын алған апаттық жағдайларды қайта қалпына келтіруге «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан 7 бригада (25 қызметкер мен 10 техника) жұмылдырылды. Қала аумағында табиғат құбылысы салдарынан анықталған ақаулардың дер кезінде қалпына келтірілуі қала әкімінің бақылауында» - делінген Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ал, Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі әзірге қатты желден зардап шеккен аздамдар мен зиян келген ғимараттар туралы ақпарат түспегенін айтты.


Соңғы жаңалықтар