Түркістан облысында кәсіпкерлерді инвестициялық қолдауға бағытталған 8 жоба іріктелді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Елімізде алғаш рет Түркістан облысында бастау алған «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы жалғасын тапты. Облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы бірлесе жүзеге асырған ерекше форматтағы жоба кәсіпкерлерді менторлық, инвестициялық, инфрақұрылымдық қолдауға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған жоба сондай-ақ, отандық инвесторлардың көмегімен стартаперді, «Бастау бизнес» түлектерін кәсіпкерлікке баулиды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен «Farab» кітапханасында өткен телевизиялық жобаның түсірілімінде түркістандық кәсіпкерлер белгілі бизнес мэтрлерінің алдында бизнес жобасын қорғап шықты. Тележоба модераторы - Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков болды.

«Бізде «зияткерлік ресурс» бар. Білімі мен ақыл-зерде, парасат дәрежесі бәсекеге түсе алатын эрудит адамдар жетеді. Креативті жобаларды мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауға болады. Шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға елемізде ерекше көңіл бөлінген. «Жанып тұрған» жас бизнесмендерге үлкен жол ашатын жоба жалғасын табады», – деді тележоба түсіріліміне қатысқан Өмірзақ Шөкеев.

Өңірлік кеңестің белді мүшелері жоба аясында ментор ретінде қолдау білдіріп, мол табыс табудың қыр-сырымен бөлісті. «Кәсіпкерлік қырандары» телевизиялық ток-шоу бағдарламасына қатысып, жастарды жігерлендірген аймақ басшысы кәсіпкерге қолдау көрсеткен инвесторларға алғысын айтты.

Айта кетейік, жобаның бірінші маусымында инвестицияға қол жеткізген кәсіпкерлердің жобалары жүзеге асып, кәсіптері дамуда. Екінші маусымға қатысуға палатаға 170-ке жуық өтінім келіп түсті. Оның ішінде жалпы құны 43 млн теңгенің 8 жобасы іріктелген. Қатал сараптаудан соң финалға шыққан жоба авторлары инвестиция үшін күресте өздерінің бірегей бизнес - идеяларын ортаға салды.

Инвестиция және менторлар үшін күресте үміткерлер цифрлық аудио кітаптарды қазақ тілінде ұсынатын мобильді қосымша, арболит блогын шығару, бал ара шаруашылығы (омарта), балалар ойын-сауық орталығы, медиа саласында кешенді қызмет көрсететін мектеп ашу, эпоксид шайыр өнім шығару цехы және құрылыс қолғабын өндіру секілді жобаларды таныстырды. Нәтижесінде инвесторлар мен қатысушылар бірлескен жобаларды іске асыру бойынша келісімге келген.


Соңғы жаңалықтар