Түркістан облысында қару жасырған Өзбекстан азаматы сотталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында қаруын жасырған 63 жастағы өзбекстандық сотталды. Сарыағаш ауданында жалданып мал бағып жүрген қойшы қолдан жасалған қаруын жасырып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің тергеушілеріне қойшының қорада заңсыз қолдан жасалған қару сақтайтыны туралы шұғыл хабарлама түскен. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, аталмыш азаматтың жеке-басы мен мекенжайын анықтаған. Ол мал жайылымында қойшы болып жұмыс істейтін Өзбекстан Республикасының тұрғыны болып шықты. Полицейлер қойшының үйі мен қора-жайын тінту барысында жердің астына көмілген қару мен оның оқтарын тәркілеп алды. Қару бірден сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде оның қолдан жасалған 16 калибрлі қос ауызды шолақ мылтық екені расталған.

«Бұл жайт бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», 288-бабы «Қаруды заңсыз жасаумен» қылмыстық іс қозғалған. Себебі Өзбекстан Республикасының азаматы еш жерде тіркелмеген қаруды қолдан жасап, оны заңсыз сақтаған. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі барлық тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс Сарыағаш аудандық сотына жолданды. Сот 63 жастағы өзбекстандықты 5 жыл мерзімге елден шығара отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыруды үкім етті», - дейді Сарыағаш АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Қуаныш Байзақов.


Соңғы жаңалықтар