Түркістан облысында карантин режимі 25 мамырға дейін созылады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында карантин режимі 25 мамырға дейін ұзартылды. Бұл ретте бірқатар шектеулер сақталады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов онлайн брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, көрші аймақтармен шекарадағы санитарлық блокпосттар жұмысын жалғастырады. Тұрғындарға қалааралық, ауданаралық және елдімекендер арасында қатынауға қойылған шектеу күшінде қалады.

Қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жұмысын бастайды.

Аталған шаралар Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 10 мамырдағы N17 Қаулысымен бекітілді. Қаулыға сәйкес, карантин режимі аяқталғанша елдімекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен діни бағыттағы нысандар жұмысын бастамайды.

Спорттық, мәдени іс-шаралар өткізілмейді. Азық-түлік базарларының жұмысы таңғы сағат 10.00 мен кешкі 17.00 арасында жалғасса, киім-кешек, өзге де заттар сататын дүкендер дезинфекция жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізе отырып, таңғы 9.00-20.00 аралығында жұмыс істейді.

Балабақшаларда кезекші топтар өз жұмысын бастайды. Алайда, мұнда тек ауруханадан анықтамасы бар тәрбиешілер ғана жұмыс істеуі тиіс. Бүлдіршіндердің денсаулығына қатысты анықтама талап етіледі.

Адам көп жиналуына жол берілмейтін сән салондары, тігін цехы, аяқ киім жөндеу орындары, шаштараз, тіс емдеу, ем жасау орындары секілді шағын кәсіпкерлік нысандары да алдын-ала жазылу тәсілімен жұмысын бастай алады.

Мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің 50 пайызы жұмысты қашықтан жалғастырады.

Үйден шығуға, серуендеуге тек маска тағып, ара қашықтықты сақтаған жағдайда рұқсат етіледі.

Тұрғылықты жерде отбасылық мерекелер, туған күн, той-жиын өткізуге, үш адамнан артық топтың көшеде және қоғамдық орындарда жиналуына салынған тыйым күшінде қалады. Жасы 65 жастан асқан азаматтарды оқшаулау жалғасады.

Халыққа қызмет көрсету қызметі орталығы мен екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта» бөлімшелері қазіргі таңда жұмысын бастады. Демалыс орындары, қонақ үйлер, туристік нысандарға санитарлық талаптарды сақтаған жағдайда жұмысын бастауға рұқсат етіледі.

Халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік, заттар мен өнеркәсіп, құрылыс нысандарындағы және көктемгі егіс жұмыстарына қажет өндірістік тауарлар мен материалдар, медициналық заттар тасуға рұқсат қағазы бар автокөліктер мен азаматтар және медициналық көмек қажет болған азаматтар ғана облыс аумағына кіріп-шыға алады.


Соңғы жаңалықтар