Түркістан облысында «Қамқорлық» бағдарламасы көмекке мұқтаж жандарға демеу болмақ

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында қолға алынған «Қамқорлық» бағдарламасы көмекке аса мұқтаж жандарға демеу болмақ. Бұл туралы облыс әкімдігінде Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен аппарат жиналысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа бағдарлама облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. «Қамқорлық» аймақтық бағдарламасы арқылы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Тұрмыс тауқыметін тартқан мұндай отбасыларға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Олармен аудан, ауыл әкімдері тікелей жұмыс жүзгізетін болады. Сонымен қатар, тұрмыста таршылық көріп жүрген жандарға жергілікті қазынадан ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшеріндегі қаражат бөлініп, ол отбасының еңбекке қауқары бар мүшелері жұмысқа тартылады. Мұндай отбасыларды анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер де енгізілмек. Аталған шараға демеушілер де атсалысады деп күтілуде. Жиында облыс басшысы көмекке аса зәру жандардың аяқтан тұрып кетуін бақылауда ұстап, ондай отбасыларды жеке аралайтынын атап өтті.


Мәжіліс барысында сондай-ақ, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы да қамтылды. Өңірдің білім саласындағы бірқатар мәселелер талқыланып, 8 ауданда дарынды балаларға арналған мектеп ашу мәселесі айтылды. Бес колледж «Жас маман» жобасына еніп, оларды негізгі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге республикалық бюджет есебінен 1,6 млрд теңге қаржы бөлінгені жеткізілді.

Ал, 3 колледж сенімгерлік басқаруға берілетін болды. Мектеп оқушыларының саны жыл сайын 20 мыңға артып, бірқатар аудандарда жаңа білім ұясын салу мәселесі өзекті екені талқыға салынды. Білім ұяларын компьютермен қамтамасыз ету жағы да шешуді талап етеді. Сондай-ақ, мектептерде қосымша білім беру мақсатында спорттық үйірмелер мен оқушылар сарайлары ашылмақ. Аймақ басшысы барлық аудан әкімдеріне білім саласына көңіл бөліп, маңызды мәселелерді шешуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар