Түркістан облысында иіс тиіп уланған екі әйел көз жұмды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Төлеби ауданында екі әйел иістен уланып қайтыс болды. Оқиға орнына жеткен жедел-құтқару тобы үйдегі газ қондырғыларының орнатылуы техникалық талаптарға сай емес екенін анықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында тіркелген.

Бүгін түнгі сағат 01:40 кезінде апаттық-диспетчерлік бөлімге жергілікті үйлердің бірінде екі әйелдің қайтыс болғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Олар - 1971және 1973 жылы туған жергілікті тұрғындар.

Тұрғын үйдегі газ құрылғыларын тексерген мамандар көмір жағатын пеші бар моншаның дәретханасына «KLIMA» маркалы газ су жылытқышы мен «VANS» жылыту қазандығы орнатылғанын анықтаған.

Ал негізі мұндай бөлмелерге газ су жылытқышын орнатуға тыйым салынады. Оның үстіне су жылытқыштың және жылыту қазандығының мұржасы шатыр арқылы сыртқа шығарылған.

«Төтенше жағдай жөніндегі арнайы топ су жылытқыштың клапанын жауып, газ беруді тоқтатты. Тиісті акті толтырылып, қазір қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр» делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін 23 қараша күні Сайрам ауданында 13 жасар жасөспірім иіс тиіп уланып, бақилық болған еді. Ал ел бойынша газдан уланудың 28 дерегі тіркеліп, 36 адам көз жұмған.


Соңғы жаңалықтар