Түркістан облысында ел руханиятына серпін беретін жобалар қолға алынды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында екі жыл ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық басым бағыттары бойынша нақтылы жұмыстар атқарылып, ел руханиятына серпін беретін жобалар қолға алынды. «Рухани жаңғыру» өңірлік комиссиясы, сарапшылар кеңесі мен Жобалық кеңсе құрылып, аймақтағы тарихи және туристік орындары жөнінде ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде арнайы роликтер әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстағы "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесінің жетекшісі Бақытжан Әшірбековтің айтуынша, аталған бағдарламаның алты басымдығы, яғни бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы негізінде 6 арнайы жоба әзірленіп, нақты іс-шаралар жүзеге асырылған. Жобалық кеңседе 46 жоба әзірленіп, 168 іс-шара қолға алынған. Мәселен, "Туған жер" жобасы басталғалы бері 28 білім мекемесі, 2 медицина мекемесі, 12 спорт мекемесі, 15 мәдениет нысаны, абаттандыру бойынша 30 жоба іске қосылды. Ал, Отырар ауданы, Аққұм ауылында меценат Жорабек Төлегеннің демеушілігімен жас спортшылар шынығатын шағын бокс залы ашылып, пайдалануға берілді. Сол сияқты, Бәйдібек ауданында демеуші Оралбек Ботбайдың қаржысынан 14,3 шақырым ауыл жолына «Ақылды шам» желісі орнатылды. Қазығұрт ауданында демеуші есебінен «Салхам Жәңгірхан» мен Жалаңтөс Баһадүрге арналған бабалар ескерткіші салынды. Төлеби ауданында демеуші есебінен «QAZAQSTOM» медициналық орталығы ашылды. Сайрам ауданында 125 орындық балабақша пайдалануға берілді. Бәйдібек ауданында мектеп түлектерінің демеушілігімен «Түлектер аллеясы» мен «Естелік кітапшасының» шағын архитектуралық формасы орнатылды. Аталған ауданда сондай-ақ, өткен жылы "Қымызмұрындық" іс-шарасы ұйымдастырылып, ежелгі дәстүрді жаңашылдықпен жалғастыру ісі жүзеге асырылды. Шара кезінде саумал, құнан қымыз, түнемел қымыз, хан қымыз, қолөнер бұйымдары бойынша байқаулар, сәйгүліктер жарысы өтті. Бұл фестиваль жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып, халықаралық деңгейге көтеріледі деген сенім бар.

Ал, Түлкібас ауданында «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақ гүлін қорғау және сол аймақтың туристік әлеуетін көтеру мақсатында «Қызғалдақ фестивалі» өткізілді. Ауданның 90 жылдығын атап өту кезінде Т.Рысқұлов ауылдық округінде қазақ халқының біртуар азаматтары М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың жаңа ескерткіштері ашылды. Сондай-ақ, мерейтойға қатысушылар Түркістан облысының киелі жерлер географиялық картасына енген «Түркібасы әулиесі» кесенесімен танысты. Бұдан бөлек, Қазақстанның киелі жерлеріне енген өңірдегі 24 нысанды таныстыру әрі киелі өңірдің бай тарихы мен таңбалы тастарын насихаттау мақсатында «Таңбалы тастар - бабалар ізімен» атты экспедиция ұйымдастырылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен өткен екі күндік тур барысында жобаға қатысушылар Бәйдібек ауданындағы Боралдай петроглифтері мен Ақмешіт үңгіріне, Созақ ауданындағы Ысқақ баб кесенесі мен Арпаөзен петроглифтеріне, Созақ көне қаласы мен Қарабура кесенесіне, сондай-ақ Кентау қалалық өлкетану музейі бағыттары бойынша тарихи жерлерді аралады. Өткен жылы өңірде аталған бағдарлама аясында бірқатар кино және анимациялық туындылар да жарық көрді. Мәселен, «Сақ» киностудиясы балаларға арнап «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая түсіріп, көрермен қауымға ұсынды. Бұдан өзге, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы - Қажымұқан», «Бәйдібек би» атты анимациялық фильмдері республикалық және жергілікті телеарналарда көрсетілді. Сондай-ақ, «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» атты деректі фильм таспаланып, көпшіліктің назарына ұсынылды. «Ордабасы - бірлік туы» атты анимациялық фильмнің түсірілімі аяқталып, тұсаукесері жоспарлануда. Сонымен қатар, «Түркістан», «Оқсыз» анимациялық фильмдері мен «Төле би» телесериалы жақын арада көрерменге жол тартпақ.

Аймақта бұдан өзге жаңа кітаптар жарық көруде. Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығарылған 10 кітаптың таныстырылымы өтті. Авторлардың қатарында елге белгілі қаламгерлер Мархабат Байғұт пен Ханбибі Есенқарқызы, Нармахан Бегалыұлы мен Иса Омар, Момбек Әбдіәкімұлы мен Есқара Тоқтасынұлы, Захардин Қыстаубай мен Нұрғали Қыдырбаев, Сәрсенбек Сахаббаттар бар. Сонымен бірге Дәурен Айманбетов, Мұқағали Кенжетай, Әлімжан Әлішер, Батырхан Сәрсенхан, Нүркен Нұрғазы, Сүндет Сейітов, Мақпал Төребек, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбек және Гүлшырын Жұмабай сынды жас ақындардың шығармалары «Түркістан түлектері» деген кітапқа топтастырылған.

Облыста Елбасының мақаласында айтылған міндеттерді орындауға байланысты атқарылған жұмыстар мұнымен шектелмейді. Мәселен, атбегілікті, аңшылықты, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында облыста арнайы фестивальдер ұйымдастырылды. Шардара қаласындағы суқойма жағалауында тұңғыш рет өткен халықаралық «Safari Shardara» атты фестивалінде қонақтар Қызылқұм өңірінің табиғатымен кеңінен танысып, құм қойнауы мен теңіз жағалауындағы түрлі ойын-сауықтар мен спорттық жарыстарды тамашалады. Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған фестивальде құмдағы автокөліктер жарысы мен композициялық «Rock racing» шоуы өтіп, түйешілер жарысы ұйымдастырылды. Жұрт бүркіт пен қаршығаға құс ілдіріп, түлкі салдырған саятшылардың халықаралық сайысын тамашалады. Бұдан өзге, мотобайкерлердің мотокросс өнері, желкенді қайық жарысы, академиялық есу түрі, жағажай волейболы мен футбол жарыстары, балық аулау сайысы өтті. Сайыпқырандар қазақша күрес, гир көтеру жарыстары мен бөренеге өрмелеп шығу, қошқар көтеру секілді спорт түрлерінен бақ сынады. Елбасымыздың айтулы мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» деп аталатын бөлімінде Түркістан қаласында туған Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әл-Фараби ғұлама туралы да айтылған. Бұл бағытта да Қ.А.Ясауидің тарихи болмысын жаһанға өз деңгейінде толық танытып, насихаттау мақсатында бірқатар шаруалар атқарылмақ. Атап айтқанда, Елбасы тапсырмасы бойынша, жаңа Түркістанда Ясауи музейі салынбақ. Бұл мұражайда ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Яғни, Ясауи феноменін жоғарылатып, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамыту мүмкіндігі ашыла түседі. Ясауи мұралары кешенді түрде зерттеліп, деректі және көркем фильмдер түсіріледі.

Сонымен қатар Түркістан облысындағы «Сайрам-Өгем» МҰТП аумағында «Бұл - біздің таулар» атты тау фестивалі ұйымдастырылып, 3 биік шыңға Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің есімі берілді. Бұрын Студентов (3750 м) деп аталған шың енді Әйтеке би шыңы деп аталса, Кергели узловая (3787 м) шыңына Қазыбек бидің есімі берілді. Ал, Рощина (3860 м) шыңы енді Төле би шыңы деп аталады.

Ел рухын көтерген фестивальде Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан жиналған 30-ға жуық альпинистің 15-і аталған шыңдарды бағындырды. Іс-шара барысында велошеру, ұлттық ойындардан сайыстар, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ел ағалары ұлы тұлғалар туралы деректер айттты. Тау баурайында үш бидің құрметіне ас беріліп, патриоттық әндер шырқалды. Ал, Ордабасы ауданында жазушы, драматург, қоғам қайраткері Дулат Исабековтің кітапханасы ашылды.

Кітапхана әрі мұражай ретінде салынған үйде Дулат Исабековтің кітаптары мен түрлі марапаттары, өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін заттар қойылған. Жазушының жұмыс істейтін және демалатын бөлмелері де талапқа сай. Сонымен қатар, қазақ және әлем жазушылары мен ақындарының кітаптары бар. Жалпы саны 2500 кітапты жазушының өзі тарту еткен. Төлеби ауданында болса «Kaskasu» Халықаралық суретшілер пленэрі өтіп, суретшілер апта бойына өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктерін және көзтартарлық орындарын бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасап шығарды. Симпозиумға Түркия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінен және республикамыздың Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қарағанды, Тараз қалаларынан, сондай-ақ Түркістан облысының арнайы білімі бар кәсіби 24 суретші қатысты. Олар бір жеті ішінде Түркістан, Төлеби, Созақ, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Мақтарал, Жетісай, Сарыағаш, Шардара аудандарындағы бірқатар тарихи - мәдени орындарда болып, сондағы көріністерді қағаз бетіне түсірді.

Жетісай ауданында алғаш рет "Қауын fest" облыстық фестивалі өтті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жағыруы» бағдарламасы аясында тұңғыш рет өткізілген фестивальге облыстың аудандары мен қалаларынан және еліміздің өзге өңірлерінен де қонақтар келіп қатысты. Айтулы шара бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту, бақша өнімдерін, терең өңдеуді қолға алу және диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылды. Облыстың барлық қала, аудандарынан қауын-қарбыз егумен айналысатын шаруалар қатысқан фестивальде қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде бақша өнімі әкелінді. Фестиваль барысында келушілерге карвинг және қауын-қарбыз көрмесі ұсынылды. Сондай-ақ, шара аясында тосап дайындаушылар сайысы, «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі» атты номинациялар бойынша жарыстар ұйымдастырылып, бас жүлдеге «темір тұлпар» тарту етілді. Бір мезетте жас музыканттардың екінші «Шабыт» шеруі болып, оған облыс бойынша 200 мыңға жуық оқушы қатысты. Өткен жылдың желтоқсанында Төле би ауданында «Тау самалы - Жан самалы» шаңғы фестивалі өтіп, айтулы шарада халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар мен ел чемпионаттарының жеңімпаздары марапатталды. Шаңғы фестивалі өңірдегі тарих шежіресіне айналған Түркістан өңірінің мәртебесін өсіріп, мерейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар