Түркістан облысында екі рет алаяқтық жасаған тұрғын Нұр-Сұлтан қаласында қолға түсті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тұрғыны ауылдастарын алдап, әртүрлі сылтаумен ақшаларын алдап алып кеткен. Жәбірленушілердің айтуына қарағанда күдікті оларға 1 миллионға жуық шығын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, сезікті ағымдағы жылдың басында танысының біріне тиімді бағамен жылқы алып беремін деп 600 мың теңгесін алған. Кейіннен оған не малын, не теңгесін қайтармай қойған. Біршама күннен соң екінші бір жәбірленушіден тап осы күдікті тұлғаға байланысты арыз келіп түседі. Онда арызданушы әлгі күдікті азаматқа мемлекеттен қомақты қаржы алып беремін деп уәде бергеннен соң, 400 000 теңгеге жуық қаржысын тапсырғандығын көрсеткен. Алайда осы күнге дейін ақшамен бірге әлгі азаматтың жоғалып кеткенін, өздігінен іздестіріп таба алмай жатқандығын айтқан.

Полицейлер жәбірленушілердің арыздары бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтықпен» іс қозғап, күдіктіні іздестірген. Оның мекен-жайын анықтап тапқанымен үйінде болмай шықты. Жақындарына айтпастан, ізім-ғайым жоғалғаны белгілі болған. Ауданның Криминалды полиция бөлімшесінің қызметкерлері қылмыскерді іздестіруді жалғастырып, күдіктінің фотосуретін көрсету бойынша кешенді іс-шараларды қолға алды. Ақыры ол «Нелегал» іс-шарасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында жалдамалы пәтерлердің бірінде қолға түсті.
1974 жылы туған ер азамат бүгінгі таңда уақытша қамауға алынды.

Полицейлер күдіктінің тағы да басқа қылмыстарға қатысы бар-жоқтығын тексеруде. Сонымен қатар тәжірибелі тергеушілерден құралған топ тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар