Түркістан облысында діни конфессия басшыларымен келелі кеңес өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «18 қазан - Рухани келісім күні» мерекесіне орай, өңірдегі діни конфессия басшыларымен кездесіп, жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы елімізде дінаралық татулықтың күн санап салтанат құрып келе жатқанын айтып, оған нақты дәлел ретінде таяуда Астанада «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында алтыншы рет өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіндегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін мысал етті.

«Елбасымыз өз сөзінде «Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу адамның өз міндеті» - деген. Сондықтан біздің бүгінгі басқосуымыз халықтар достығына, ұлтаралық, дінаралық татулықтың нығая түсуіне өз ықпалын тигізеді деп сенемін. Съезд қорытындысы бойынша қабылданған декларацияда оған қатысушылар әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өшпенділік пен төзбеушіліктен туындаған зорлық-зомбылық қақтығыстардың алдын алуға, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізуге жан-жақты жәрдемдесуге дайын екендіктері туралы мәлімдеді. Өз кезегінде мен де Сіздерді жергілікті жерлерде мәртебелі миссияны жалғастыруға шақырамын», - деді Жансейіт Түймебаев.

Аймақ басшысы өңірдегі діни конфессия басшыларымен келелі кеңес жүргізді. Облыс аумағында діни бағытта жүргізілген жұмыстар жөнінде пікір алмасты. Жиында сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, найб муфти, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Наурызбай Өтпенов, жергілікті православ діни бірлестігінің діни қызметшісі Алексей Драчев және басқа да дін өкілдері сөз сөйлеп, облыстағы діни ахуал жайлы ойларын ортаға салды.

Қабылдау соңында діни конфессиялардың жетекшілеріне мерекеге орай, алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

Соңғы жаңалықтар