Түркістан облысында дауылға қарсы жедел штаб демалыста да күшейтілген режимде жұмыс істейді

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында дауылға қарсы жедел штаб демалыс күндері де күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында қатты дауыл салдарынан бірнеше аудан, қалада қауіпті жағдай қалыптасқандықтан Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылған болатын.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев штаб отырысын өткізіп, алдағы демалыс күндері қауіпсіздік шараларын күшейтуді, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.

«Түркістан, Кентау қалалары мен бірнеше ауданда желдің екпіні бәсеңдемей тұр. Штаб құрамындағы департаменттер мен басқарма өкілдері жағдайды бақылауда ұстап, күрделі жағдай туындаса шұғыл әрекет ету үшін әрдайым тығыз байланыста болғаны жөн. Екіншіден, алдағы демалыс күндері жүздеген адам өңіріміздегі таулы аймақтарға демалысқа шығады. Олар қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, өрт қаупі туындауы мүмкін. Ал мына дауылда өртті сөндіру қиын. Сондықтан демалыс орындары мен таулы аймақтарда бақылауға алынғаны дұрыс», – деді Бейсен Тәжібаев.

Штаб отырысында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев 5 мамырдағы ахуалды баяндады. Оның айтуынша, дауыл соғып жатқан аумақтарда мамандар жұмыс істеп жатыр. Жағдай бақылауда. Тиісті ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген.

«Қазгидромет» мекемесі дауылды жел екпіні 6 мамырда да сақталады деп болжап отыр. Өңірде Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтары, Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты су қоймалар бар. Аталған басқармалар тарапынан да өртке, төтенше жағдайға қарсы кезекшілік күшейтілгені жөн», – деді ол.

Бүгінде Кентау қаласындағы мектептер қашықтықтан оқытуға көшірілді. Сауран ауданы мен Түркістан қаласындағы бірнеше мектепте де оқу онлайн жүйесіне ауыстырылған.

Түркістан облысында 4 мамырдан бастап ауа-райының күрт нашарлап, жел екпіні 21-24 м/с жетуіне байланысты 2 қалада Түркістан, Кентау қалаларында және Сауран, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандарында электр энергиясының жаппай сөнуі, кейбір аудандарда ғимарат шатырларының желмен ұшу деректері тіркелді.

Түркістан облысында желдің ең қатты екпіні таулы аудандарда кездесіп, 20-28 м/с дейін жетіп отыр. Ал Түркістан қаласындағы ең екпінді жел қуаты 28 м/с болды.

Облыста электр жарығы сөнген аудан, қалаларда қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бәйдібек, Сайрам және өзге де аймақтардың басым бөлігінде электр желілері қалпына келтірілді.

Қазіргі таңда электрге қосылмаған 1360 абонент қалып отыр. Мамандар бұл көрсеткіш сағат сайын өзгеріп жатқанын, электр мәселесінде аса түйткілді апат болмағанын, жағдай тез қалыпқа келетінін жеткізді.

Ал шатыры ұшқан білім ұяларының мәселесі назарға алынып, есептеу-түгелдеу жұмыстары жүреді. Одан кейін толық қалпына келеді.

Төтенше жағдай департаментінің өкілдері тұрғындарға шатырлардан, электр бағаналарынан, ағаштардан және желмен ұшып адамға зиян тигізетін заттардан алшақ жүру, балаларды мүмкіндігінше далаға шығармау, ашық жерде от жақпау керектігін ескертеді.

Айта кетейік, бұдан алдын Кентауда желмен ұшқан мектеп шатырының бөлігі мұғалімнің басына түскенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар