Түркістан облысында дәрі-дәрмекті заңсыз сатудың 23 фактісі анықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында дәрілік заттарды заңсыз сатуға байланысты 23 факті анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура ресми мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Прокуратураның мәліметінше, облыста прокуратураның, полиция, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер және фармацевтикалық бақылау департаменттері қызметкерлерінен мобильді топтар құрылған.

Аталған топ 8-17 шілде аралығында тексеру жүргізіп, 23 факті анықтаған. Оның ішінде жеке тұлғалардың дәрілік затты алып-сатуының 5 фактісі және дәріханаларда дәрілік заттарды қымбат бағамен сатудың 18 фактісі тіркелген.

«50 мың теңгеден астам сомаға тәркіленуге жататын дәрілік және басқа да медициналық заттардың 396 қаптамасы мен 4 449 данасы айналымнан алынды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты құжаттар уәкілетті органға жолданды. Бүгінгі таңда 9 факт бойынша айыппұл салынса, 4 құжат сотқа жолданды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасуда» делінген хабарламада.

Дәрі-дәрмекті алып-сату және оларды көтеріңкі бағамен сатудың кез келген фактілерін 87015525525 байланыс нөмірі мен 87782255221 WhatsApp желісі арқылы хабарлауға болады.


Соңғы жаңалықтар