Түркістан облысында дәрі-дәрмек бағасын қымбаттатқан дәріханалар жазаланады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында дәрі-дәрмек бағасын шектік сомадан қымбат сатқан дәріханаларға шара қолданылатыны ескертілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Дәулет Тағыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәулет Тағыбаевтың айтуынша, өңірде пандемияға байланысты дәрі тапшылығы болмас үшін арнайы қордан қосымша препараттар тасымалдануда. Мамандар дәріханалардағы дәрі-дәрмектің саны жеткілікті болуын әрі бағасының шектік сомадан аспауын қадағалап отыр. Қазіргі таңда облыс аумағында 924 дәріхана тұрғындарға қызмет көрсететін болса, оның ішінде тиісті талаптарды сақтамаған дәріханаларға шара қолданылады.

«Дәрілік заттарды тағайындау емханаларда және кәсіби мамандардың нұсқамасы негізінде жүргізіледі. Антибиотик дәрілік заттары бөлшек саудада рецептсіз босатылған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтың 426-бабының 1 тармағына сәйкес, әкімшілік шара қолданылады. Қызмет көрсетуші тұлғаға 70 АЕК, лауазымды тұлғаға 100 АЕК ретінде, кіші кәсіпке 130 АЕК, орта кәсіпке 200 АЕК, ірі кәсіпке 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Осы аталған жайт 1 жыл ішінде қайталанса, фармацевтикалық қызметпен айналысатын кәсіпкерлер 6 айға дейін фармацевтикалық қызметке лицензиясы тоқтатылады», - деді Дәулет Орынбайұлы.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмек бағасын шектік бағадан асырған дәріханана иелеріне де шара қолданылмақ. Шектік бағаны кез келген азамат андроид желісінде «dariKZ» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы бөлшек саудада сатылатын немесе босатылатын дәрілік заттардың шекті бағасын бақылауға мүмкіндігі бар.

Егер баға шекті сомадан асып кетсе, түбіртегін алып, заң аясында арыздануға болады.

«Облыс орталығында пневмония сырқатының көбеюіне байланысты қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылып, департаменттің фармацевтикалық қызметті бақылау бөлімінің мамандарымен бірлесіп, бөлшек саудадағы дәрі-дәрмектердің бағаларына мониторинг жүргізіледі. Мониторингтік топ бөлшек саудамен айналысатын дәріханаларда босатылатын дәрілік заттардың бағаларын негізсіз көтеру дерегін анықтаған жағдайда, қорытынды ұсына алады. Ұсынылған қорытындыға сәйкес, заң шеңберінде тиісті шаралар қабылданады», - деді департамент басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар