Түркістан облысында бір отбасы мүшелері 70 пәтерді тонаған

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының криминалдық полиция қызметкерлері 70 пәтерді тонаған қылмыстық топты әшкереледі. Күдіктілер бір отбасы мүшелері болып шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық топтың жетекшісі өңірдің Қазығұрт, Келес, Ордабасы және Сарыағаш аудандарының аумақтарындағы терезеден түсу арқылы ұрлық жасап жүрген.

Тәртіп сақшылары ұрыларды ломбардқа өткізген тауарлары арқылы тапқан.

Күдіктінің бірі бұрын осындай қылмыстары үшін сотталған 26 жастағы ер адам болып шықты.

Тергеу барысында оның таныстары мен туыстарынан тұрақты топ құрып, әрқайсына рөлдер бөліп бергені анықталған.

Ұрлық жасаған кезде олар міндетті түрде үй иелерінің жоқтығына көз жеткізіп, үйдің терезесінде тордың, дабыл жүйесінің, бейнебақылау камераларының бар-жоғын біліп отырған.

Әр қылмысты жасауға мұқият дайындалып, үй иелерінің күн тәртібін зерттеген. Ұрлық жасап болған соң сезіктіні күйеу баласы көлігімен бірден алып кетіп отырған.

Әрі қарай ұйымдастырушының анасы мен жұбайы ұрланған әшекей бұйымдарды пұлдап, түскен пайдасын өзара бөліскен.

«Пәтерлерден ұрланған алтын әшекей бұйымдарын күдіктілер соңғы екі жылдан бері Шымкент пен Жетісай, Сарыағаш қалаларындағы ломбардтарға өткізіп отырған. Сөйтіп жәбірленушілерге 100 млн теңгедей шығын келтіргені белгілі болып отыр. Қазіргі таңда қылмыстық топтың үш мүшесі қамауға алынған» делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар