Түркістан облысында бір айда 860 көлік айыптұраққа жеткізілді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 17 мамыр мен 16 маусымы аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Рейд нәтижесімен 860 жүргізушінің көлігі айыптұраққа қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, жол қозғалысы ережесін бұзудың 24 мыңға жуық фактісі анықталған.

Рейдке 500-ге жуық патрульдік полиция қызметкері мен учаскелік инспекторлар, басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысқан.

Нәтижесінде мас күйінде көлік жүргізген 94 жүргізуші ұсталып, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 4718 жүргізушіге тиісті хаттамалар толтырылды. Қозғалыс кезінде телефонды пайдаланған 1774 жүргізуші айыппұл төлейтін болды. Сондай-ақ, жылдамдықты асырғаны үшін - 753, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 1020 адам әкімшілік жазаға тартылды. Қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығудың - 68, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтудің - 146 фактісі анықталды.

Оған қоса тәртіп сақшылары жалған мемлекеттік нөмірі бар 11 көлікті ұстап, жол ережесін бұзған 4153 жаяу жүргіншіге қатысты әкімшілік хаттама толтырды.

Сонымен қатар, тексеру барысында патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 27 жол қауіпсіздігі ережесін бұзу оқиғасын анықтады. Заңсыз қайта жабдықтаудың 254 дерегін, рейс алдындағы және медициналық тексеруден өтпеуге қатысты 8 жағдайды тіркеген.


Соңғы жаңалықтар