Түркістан облысында бетперде киген таксистер егде жастағы әйелді тонап кетті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының тұрғыны мен оның қасындағы құрбысы егде жастағы әйелді тонап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облыстық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төлеби АПБ-не жергілікті тұрғын әйел арызданып келеді. Ол таңғы 08:30-дар шамасында дәрігерге тексеріліп шығып, ауруханадан үйіне қайтпақ болып жолдан өзіне маркасы, мемлекеттік нөмірі белгісіз таксиді тоқтатып, тоналып қалғанын жеткізеді.

Полицейлердің анықтауынша, жәбірленуші таксимен үйіне дейін баруға келіседі. Алайда, көлік біршама уақыттан соң, арызданушының айтқан мекенжайына бармай басқа жаққа бұрылып кетеді. Ауруханадан шамамен 800 метр қашықтыққа барған сәтте, көлік жүргізушісі мен қасында жолаушы ретінде отырған қыз екеуі бетперде киіп бұл «тонау» деп жәбірленуші әйелді қорқыта бастайды. Осылайша, әйелдің құлағындағы алтын сырғасы мен жүзігін, қолындағы сөмкесін тартып алып, өзін жол бойына түсіріп кетеді. Жәбірленушінің айтуынша, қол сөмкесінің ішінде алтын бұйымдары мен құны 80 000 теңгелік ұялы телефоны болған. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 300 мың теңгеден асқан.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Бұл қылмысты ашу және күдіктілерді ұстау мақсатында Төлеби АПБ КПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәгерлерден сұрастырып, жақын аралықтағы бақылау камераларын көріп шықты. Нәтижесінде бейнебақылау камералары арқылы күдіктілер басқарған көлікті тапты. Тәртіп сақшыларының анықтауынша, тонаушылар небәрі 25 жастағы қыз бен жігіт болып шыққан. Күдікті қыз -Төлеби ауданының, ал жігіт –Шымкент қаласының тұрғындары. Екеуі қыздың үйіне бара жатқан. Жолда тоқтатқан адамды тонаймыз деген жымысқы ойлар келіп, соны іске асырады.

Күдіктілер жігіттің үйінде ұсталды. Жәбірленушіден алынған бағалы бұйымдар заңды иесіне қайтарылған. Олар өз кінәларын толық мойындап отыр. Екеуі де қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде тоналған әйел аудандық полицейлерге алғысын білдірді.

Соңғы жаңалықтар