Түркістан облысында бензин мен дизель тапшылығы байқалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының тапшылығы байқалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Әбдіразақованың айтуынша, өңірдегі мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензинінің 6 күнге жеткілікті, дизельдік отынның 8 күнге жеткілікті қоры бар.

Өзбекстан Республикасымен шектесетін Сарыағаш, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарында жанар-жағармайдың көрші елдерге заңсыз сатылымына жол бермеуді қадағалайтын жұмыс тобы құрылған. Сонымен қатар, облыс аумағында 6 сәуірден бастап жанар-жағармай құю станцияларына қатысты рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, біраз кемшілік пен заңсыздық анықталды.

Түркістан облысы әкімдігінде жанар-жағармай тапшылығының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, өзекті мәселелері талқыланды.

Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов облыстың кейбір аудандарындағы жанармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин және дизель отынына тапшылық байқалғандығын жеткізді.

«Аудан, қала әкімдіктері жанармай тапшылығын болдырмау мақсатында жұмыс тобының қызметін жандандыруы тиіс. Жанармай тарату операторлары мен жанармай құю бекеті иелерінен мұнай өнімдері нарығындағы және басқа да заңдылықтарды қатаң сақтауларын сұраймыз. Сонымен қатар, жасанды тапшылық пен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге шақырамын. Адал бизнес пен бәсекелестік, әрдайым мемлекет қорғауында болады, қолдау көрсетеміз. Ал, мұнай нарығындағы заңсыздықтарға шаралар қабылданады», - деді Еркеғали Әлімқұлов.

Мәжілісте жанар-жағармай станциясының иелері, кәсіпкерлер, облыстық жанар-жағармай ассоциациясының өкілдері ұсыныстарын айтты.

Соңғы жаңалықтар