Түркістан облысында байланыс операторларының станциялары жаңартылды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша талшықты-оптикалық интернетті пайдалану жобасы іске асырылған. Бүл жоба елімізде алғаш рет қолға алынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл басынан бері осы механизм арқылы жеке инвестор «NanoTech» ЖШС облыс көлемінде 70-ке жуық елдімекен тұрғындарын интернетпен қамтыды. Келер жылы 30 мыңға жуық тұрғын үй, яғни, 150 мыңға жуық тұтынушы осы тәсіл арқылы интернетке қол жеткізеді деп күтілуде. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің аппарат отырысында айтылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірді цифрландыру бағытындағы жұмыстармен танысып, тиісті басқарма басшысының есебін тыңдады.

Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаевтың айтуынша, өңірде ғаламтормен қамту мен цифрландыру бағытында маңызды жобалар жүзеге асып жатыр. Биыл облыста «Кселл» акционерлік қоғамы тарапынан 58 елдімекен мобильді кең жолақты ғаламтормен қамтылған.
Сонымен бірге қолданыстағы 2G және 3G станцияларын 4G-ге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, «Кселл» байланыс операторы облыс бойынша қолданыстағы 22 базалық станциясын 4G-ге ауыстырса, Түркістан қаласында қосымша 3 жаңа станция орнатқан. Ал, 6 станцияны 4G-ге ауыстырды. «Билайн» байланыс операторы 30 станциясын 4G-ге ауыстырса, «Tele2» байланыс операторы облыс бойынша қолданыстағы 214 станциясын 4G-ге көшірген.
Республика бойынша тұңғыш рет Түркістан қаласында бесінші буынды 5G мобильді интернеті іске қосылған. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен жұмыс нәтижесінде Түркістан қаласында «Smart city» жобасы 2 кезеңмен жүзеге асады. Бұл бағытта тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Жоба жүзеге асса, қаладағы көптеген салалар цифрланып, тіршілік жеңілдей түспек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыстағы 943 мектептің 563-і облыстық полиция департаментінің жедел бақылау орталығына шығарылды. Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы көтерме-тарату орталығының цифрлық платформасы әзірленді. Бұл саладағы жұмыстарды саралаған Өмірзақ Шөкеев елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмысын жандандыруды, цифрландыру бойынша жобаларды сапалы атқаруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар