Түркістан облысында «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 650 тұрғын оқытылады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Бастау бизнес» жобасы бойынша 3 650 тұрғын оқытылады. Олар арнайы курста кәсіпкерлік негіздерін тегін меңгеретін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

26 сәуірде басталатын курс «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтықтан оқытылмақ. Жобада оқу үшін қатысушылар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, халықты жұмыспен қамту орталықтарына оқуға өтініммен жүгінуі қажет. Орталық үміткер мәртебесі расталған кезде жолдама береді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтың айтуынша, оқыту курсы бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушыларға топтарда практикалық оқыту мен бизнес-жобаны таныстыруға дайындық жүргізіледі. Оқуға жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, қоныс аударғандар және қандастар қатыса алады.

Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды. Сонымен қатар, бала күтімімен демалыста жүрген аналар мен орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері де арнайы курстарға қатыстырылмайды.


Соңғы жаңалықтар