Түркістан облысында балаларды мектепке тасымалдау үшін 30 автобус беріледі

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында балаларды мектепке тасымалдауға 30 автобус беріледі. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев «Балалардың игілігі үшін» атты гала-концертте айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балалардың игілігі үшін» гала-концерті өтті. Алдымен «Конгресс Холл» кешенінде Ордабасы, Сарыағаш, Кентау саз мектептерінің оқушылары Құрманғазының күйлерін тартса, арнайы фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов қатысып, балаларды, оқушыларды төл мерекесімен құттықтады.

«Түркістан – дарынды, білімді, өнерлі балаларымен мақтанатын ерекше өңір. Биылғы оқу жылында өңірімізде 500 мыңнан астам бала білім алды. Облысымызда 1000-шы мектеп ашылды. Ел Президентінің тікелей қолдауымен балаларға, өскелең ұрпаққа жағдай жасау үшін игі бастамалар қолға алынып жатыр. Алдағы 3 жылда облыста 96 мектеп бой көтереді. Биыл облыс мектептеріне 101 автобус бөлініп, 71-і тапсырылған болатын. Ал бүгін қалған 30 автобусты ұсынып отырмыз. Жазғы демалыста 26 мыңнан астам баланы демалыс лагерьлеріне жіберу жоспарланған. Түркістан өңірінде «Қауіпсіз мектеп» жобасын жүзеге асырамыз. Балалардың дамуына, білім алуына жан-жақты жағдай жасау жалғасады», – деді Бейсен Тәжібаев.

Салтанатты жиында халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. 15 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен 200 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Биыл облыс шәкірттері халықаралық, республикалық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында 9 алтын, 17 күміс, 20 қола медаль иеленді. Республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысында Түркістан өрендері 10 алтын, 4 күміс, 5 қола медалға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте үш жыл қатарынан I орынға ие болды.

Гала-концертте Түркістан облысының аудан, қалаларынан іріктелген үздік, өнерлі және талантты оқушылар мен балалар өз өнерлерін көрсетті.

Әннен шашу шашылып, би биленді. Сондай-ақ Ақжол Мейірбеков, Айдар Тұрғамбек сынды елге танымал эстрада жұлдыздары да балаларды мерекемен құттықтап, әндерін шырқады. Мерекеге қатысушы оқушыларға облыс әкімі атынан «Qasym kitaphanasy» сериясы арқылы жарық көрген мыңнан аса кітап сыйға тартылды.


Соңғы жаңалықтар