Түркістан облысында азық-түлікті тегін тарататын дүкендер жұмыс істейді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың аудандар мен қала басшыларына берген тапсырмалары негізінде бүгінде өңірдегі азық-түлік бағасы бақылауға алынған. Облыстағы Түлкібас, Төлеби және Келес аудандарында әлеуметтік дүкендер ашылып, жұмыс істеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында баға мәселесін өзі бақылауға алатынын айтқан болатын. «Бұл маңызды мәселе. Бағаның өсуіне ешқандай да жол бермеу керек. Әсіресе, Қазақстанда өндіріліп жатқан азық-түлік тауарларына баға өспеуі тиіс», - деді Елбасы. Осыған орай, Түркістан облысында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда.



Мәселен, қазіргі таңда Түлкібас ауданында 6 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Олар халық көп шоғырланған Түлкібас, Састөбе, Балықты, Жабағылы, Жаскешу және аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылдарында орналасқан. Ашылғанына бір жылдан астам уақыт өткен дүкендерде халықтың аз қамтамасыз етілген топтарына азық-түлік нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылуда. Әлеуметтік дүкендерге ауылдық округ әкімдіктері елдімекендердегі аз қамтамасыз етілген жанұялардың тізімін өткізіп, сол тізімдегі азаматтар жеке куәлігімен азық-түлікті арзандатылған бағамен ала алады. Әрі кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасалып отыр.



Дәл осындай дүкен Төлеби ауданы Көксәйек елдімекенінде де іске қосылды. Әлеуметтік жағынан осал отбасыларға арналып ашылған дүкенде демеушілер есебінен мұқтаждарға азық-түлік, киім-кешек тағы да басқа тұрмыстық заттар тегін берілуде. Ленгір қаласындағы Достық елдімекеніндегі «Нұр-Жанар» дүкендерінен көпбалалы аналар мен тұрмыстық жағдайы төмен жанұялар кез келген қажетті тұрмыстық тауарлар мен киім-кешектерді тегін ала алады.

Сол сияқты Келес ауданының Ұшқын ауылдық округінде әлеуметтік дүкен жергілікті тұрғындардың қажетіне жарауда. Бүгінгі таңда аталған дүкеннен көпбалалы және әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен 22 отбасы тиісті көмектерін алуда. Кез келген тамақ өнімдері мен киімдер ақысыз берілуде.

Соңғы жаңалықтар