Түркістан облысында азық-түлік бағасы белгіленген межеге сай емес

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін базарларды аралаған жұмыс тобының мүшелері азық-түлік өнімдерінің бағалары шектік межеге сай емес екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті тұрғындар көп шоғырланатын сауда орындарын араладық. Ең қажетті әлеуметтік азық-түлік жеткілікті екені анықталды. Халық көп тұтынатын 20-ға жуық өнімнің бағаларын бекітілген талапқа сай немесе сай емес екенін нақтылап, кәсіпкерлерді тауар бағасын себепсіз өсірмеуге шақырудамыз», - деді «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев.

Сондай-ақ, салыстырмалы түрде анық болғанындай, қаладағы ең ірі сауда орындарының бірі - «Қуаныш» базарында картоп бағасы – 200 теңге, сәбіз және пияз - 250 теңгеден сатылса, «Халық» сауда орталығында картоп – 195 теңге, сәбіз – 160 теңге, пияз - 250 теңге. Ал, сиыр етінің орташа бағасы - 1 853 теңге болуы тиіс. Дегенмен, базарлардағы сатылым бағасы - 2 500 теңге.

«Халық» сауда орталығының директоры Нұржан Тәліпов баға құбылмалылығы өнімнің тапшылығына байланысты деген пікірін білдірді.

«Азық-түлік бағаларының құбылмалы болуы тауарларды бізге алып келетін жеткізушілерге байланысты. Мәселен, қазір қызанақ бағасы - 95 теңге болса, қияр - 230 теңгеден сатылып жатыр. Қай өнім тапшы болса, сол заттың бағасы осылай өзгеріп тұрады», - дейді ол.

Партияның аймақтық және аумақтық филиалдары жанынан құрылған жұмыс топтары әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының бағаларына талдау жұмыстарын тұрақты жүргізбек. Сараптама нәтижелері жергілікті атқарушы органдарға жолданып отырады.


Соңғы жаңалықтар