Түркістан облысында Азаматтық форум өтті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Бүгін Түркістан қаласында «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» тақырыбында Түркістан облысының Х Азаматтық форумы болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен дәстүрлі жиынға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және Түркістан облысындағы мемлекеттік органдар мен бизнес-құрылымдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктердің көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шәріпбек Жамалбек форумның мақсат-міндеттерімен таныстырды.

Түркістан облысындағы азаматтық қоғамның жұмыстарын саралау, республикалық Х Азаматтық форумға қатысатын делегаттардың тізімін бекіту және «Түркістан облысының Азаматтық альянсы» ЗТБ президентін қайта сайлау мәселелері күн тәртібіне қойылды.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев елдің дамуы жолында үкіметтік емес ұйымдардың алар орнының жоғары екендігін айтып өтті.

«Биыл еліміздің Тәуелсіздік мерекесіне 30 жыл толып отыр. Бұл белесті Түркістан өңірі толайым табыстармен қарсы алды. Бұл жетістікке қоғамның барлық мүшелерінің үлесі бар. Үкіметтік емес ұйымдар әр бағыттағы ұстанымдарына қарамастан барлығы бір мақсат, бір мүдде жолында әрекет етуі тиіс. Ол – Қазақстанның тұрақтылығы, елдің барлық бағытта дамуы. Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік құрылымдардың бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесінде біз тәуелсіздіктің жетістіктерін жетілдіре түсерімізге сенімдімін» деп азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.

Жиында «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шалтан Еркінбай, «Generation» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Голярко Владислав, «Түркістан облысы ата-аналар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақбаян Жақыпова, «Береке» қоғамдық бірлестігінің жоба үйлестірушісі Гүлсім Андабаева өз сөздерінде өңірдегі азаматтық қоғамды қалыптастыру бағытындағы ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ форум аясында 2021 жылғы 22-26 қараша күндері Алматы қаласында өтетін республикалық Х Азаматтық форумға қатысатын делегаттардың құрамы анықталып, облысқа бөлінген квота бойынша 5 делегат анықталды.

Жиында «Ең үздік ҮЕҰ» байқауының жеңімпаздары, әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің үздіктері марапатталды.


Соңғы жаңалықтар