Түркістан облысында айына 6 мыңға жуық сәби дүниеге келеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша республика көлемінде алдыңғы қатарда келеді. Өңірде қазан айының өзінде 5659 сәби өмір есігін ашқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев көшпелі брифингте он ай ішінде жалпы 50 202 нәресте дүниеге келгенін, өңірде бала туу көрсеткішінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 көрсеткішке артқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Бұл тұрғыда күрделі кезеңде облыс тұрғындарына барынша қолдау көрсетілуде. Мәселен, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Түркістан облысында 67 038 адам қамтылып, оның ішінде 798 адам шағын несие алған және 6 039 адам мемлекеттік грантты иеленді. 30 мыңнан астам адам уақытша жұмысқа орналастырылған»,- деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделін іске асыру мақсатында Түркістан облысында 49,5 мың отбасына 31,9 млрд теңге қарастырылған.

Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек бойынша жалпы қажеттілікке 27,5 млрд теңге, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 4,4 млрд теңге бөлінген.

«Облыста 2020 жылдың 1 қарашасына дейін аз қамтамасыз етілген 35 109 отбасына 13 156,2 млн теңге қаржы тағайындалып, 33 434 отбасына 10 683,2 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша 1 және 6 жас аралығындағы 41 516 балаға азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдары берілді. Төтенше жағдай кезінде жұмысынан айрылу салдарынан табысы төмендеген 544,5 мың азаматқа 23,1 млрд.теңгеге 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлемдер ұсынылды», - деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Облыста сондай-ақ, шілде-тамыз айларында 337 171 өтінішке төлем тағайындалып, 14,2 млрд теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем төленген.

6-18 жас аралығындағы атаулы әлеуметтік алушы 168,9 мың балаларға, мүгедектер мен жұмыссыздарға 3,7 млрд теңгеге 5 567 теңге көлеміндегі өтемақы түрінде азық-түлік тұрмыстық пакеттер берілген.


Соңғы жаңалықтар