Түркістан облысында автожолдарды қысқа дайындау жұмысы пысықталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістанда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Оңтүстік жолдары» МКК мамандарының қатысуымен қыс мезгілінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау туралы жиын өтті. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Басқосуда қысқы кезеңде автожолдарды күтіп ұстау бойынша атқарылып жатқан және қолға алынатын жұмыстар жайы пысықталды.

Айта кетерлігі, Түркістан облысының аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 4152,34 шақырым. Бұл жолдардың 1943,3 шақырымы - бірінші кезекте қардан тазаланып, инертті материал себілетін жолдар болса, оның 434 шақырымы - таулы аймақтарда қалың қар басып қалу қаупі жоғары аймақтар.

«Алдағы уақытта облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына 300-ге жуық адам жұмылдырылады. Ал тұрақты техникалар саны - 138. Бұдан бөлек, Бәйдібек, Созақ, Түлкібас, Сайрам және Төлеби аудандары таулы аймақ саналғандықтан, қар көп жауған кезеңде қажеттілігіне қарай аталған аудандарға қосымша көмекке 40-қа жуық арнайы техника тартылмақ. Барлық техника толығымен жұмыс істеуге дайын. Арнайы техникалар жанар-жағармай отынымен қамтамасыз етіліп, 1075 дана «Тайғақ жол» ескертуші жол белгісі орнатылған. Сондай-ақ, мамандар инертті материалдармен (тұз, құм) 85 пайыз қамтылған. Қалған бөлігі қазан айының соңына дейін толық әзірленеді» делінген хабарламада.

Облыс аумағындағы қар басып қалу ықтималдығы жоғары Бәйдібек ауданында «Шыбықбел», «Одаманбұлақ» және Созақ ауданында «Ащысай», «Одаманбұлақ-2» жылыту бекеттері орналасқан. Жылыту бекеттері төсек-орынмен, 60 тонна көмірмен қамтамасыз етіліп отыр. Жоғарыда аталған жылыту бекеттеріндегі отын сол жерді жылы ұстауға толық жеткілікті. Тәулік бойына кезекші ұйымдастырылған. Жылыту бекеттері бір мезгілде 60-70 адамды қабылдай алады. Азық-түлікпен қамтамасыз ету аудан, қала әкімдіктеріне заң талаптарына сәйкес жүктелген.

Жиын қорытындысы бойынша қараша айының 1-не дейін қыс мезгілінде облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау бойынша дайындық жұмыстарын аяқтау тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар