Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласына озық технологиялар енгізілуде
2019 жылғы 27 наурыз 14:52

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласына озық технологиялар енгізілуде

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданында болып, онда бірқатар нысандарды аралап көрді. Жаңадан құрылған ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы ең алдымен Біртілек ауылдық округіндегі Еңбекші елді мекенінде «Келес пласт» ЖШС-нің цехына барды. Жобалық құны 150 млн теңге болатын кәсіпорын 2018 жылы іске қосылған. Бүгінде жылыжайға арналған заттарды шығарумен айналысады. Сондай-ақ өңір басшысы Бесқұбыр елді мекеніндегі «Өктемхан» шаруа қожалығында да болды. Жылына 120 тонна көкөніс өнімін беретін жылыжай 0,65 га аумақта орналасқан. Жалпы 15 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтың жобалық құны 22 млн теңгені құрайды.

Сондай-ақ өңір басшысы Жүзімдік және Бірлесу ауылдық округтеріндегі 8 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету барысымен танысты. Одан кейін Бірлесу ауылдық округі, Қазақстан елді мекеніндегі шаруашылыққа барды. Мұнда жылына 3 рет көкөніс өндіру жобасы қарастырылып жатыр.

Дәлірек айтсақ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ғылыми қызметкері Б.Қалымбетовтың ҚР Білім және ғылым министрлігінің 147 млн теңге грантын жеңіп алған озық технологиясы ендірілуде. Аудандағы бірқатар нысандардың жай-күйімен танысқан облыс әкімі өнім өндіруде жаңа технологияларды тиімді пайдалану заман талабы екенін айтып, бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Одан бөлек облыс басшысы Бірлік ауылдық округі аумағындағы «ТМ-Строй - 21» ЖШС-нің пресс жіп иіру және қыш зауыттарына барды. Келес ауданына жасаған іссапары барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Бірлік ауылдық округінің аумағында салынып жатқан «Қызыл әскер» қосалқы электр стансасының құрылысымен танысып, Келес өзеніндегі «Оймауыт» су бөгетін аралап көрді.

Jańalyqtar

MURAǴAT