Түркістан облысында әскери билет пен қайтарымсыз грант алып беруді ұсынған алаяқтар ұсталды

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті тұрғындарға әскери билет пен қайтарымсыз грант алып беруді ұсынған алаяқтар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын шағымданды. Жәбірленуші 2022 жылдың қазан айында танысына алданып, 140 000 теңге берген. «Балаңызға әскери билет шығарып беремін» деген уәдеге сенген тұрғын сан соғып қалған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, полиция басқармасына жеткізді. Ол кінәсін мойындап, қаражатты өз қажеттілігіне жұмсап жібергенін мәлімдеген.

Сондай-ақ, Түркістан қаласының полиция басқармасына алаяқтық қылмысы туралы арызбен Сауран ауданының тұрғыны жүгінді. Жәбірленушінің хабарлауынша, бейтаныс әйел оған 5 миллион теңге қайтарымсыз грант алуға көмектесуге уәде берген. Алаяққа сенген қала тұрғыны 200 мың теңгесінен айрылған. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті анықталды. Ол Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар