Түркістан облысында арық-атыздар тазаланып, ауылдар ағын сумен қамтылып жатыр

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында тозығы жеткен арық-атыздар тазаланып, ауылдарды ағын сумен қамту мәселесі шешімін тауып келеді. Бүгінде осы бағытта атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 313 мың гектар жер суарылып, шаруалар дер кезінде өнімін жинап алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл ауа райының қолайсыздығынан су тапшылығы туындап, су мөлшері шамамен 30% төмендеп кеткен. Осыған орай экология министрі Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірнеше мәрте көршілес Өзбекстан еліне барып, келіссөз жүргізген болатын.

Нәтижесінде трансшекаралық «Достық», «Ханым», «Ашынау» каналдарында су жіберу туралы келісім жасалып, шаруалар судан тарықпаған. Себебі, көрші елден су келісім бойынша жіберіліп отырды.

Сонымен қатар облыстағы ағын суға жауапты «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесінің мамандары тәулік бойы жұмыс істеп, шаруаларды барынша сумен қамтыған.

Аталған мекеме өңірдегі тік дренажды ұңғымалары қазып, сорғы бекеттерін орнату және су бөгеттерін салу жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, Жетісай және Отырар аудандарында дәнді дақылдарға су жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін бөлімше автоматты су бөгеттерін салып, аймақтағы барлық егін алқаптарын құрғақшылықтан аман алып қалған. Нәтижесінде мақта, күріш, көкөністер мен жемістер биыл бітік шыққан.

Бүгінгі таңда өңірдегі егін алқаптарын суару науқаны 95% аяқталып, Шардара су қоймасына тіршілік нәрі жинақталуда.

«Қазір өңірдегі суару жүйелері шамамен 63% жұмыс істеп тұр. Барлық каналдар жерді қазу арқылы тартылған. Ол біріншіден судың сіңіп кетуіне себеп болса, екіншіден құм құрамы да үгілгіш болып келеді. Сондықтан жылына 1-2 мәрте арналарды тазартып отырамыз. Алдағы уақытта кезең-кезеңімен арналарды бетондаймыз «,- дейді «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесінің Д. Коновалов.

Суға жауапты мамандардың айтуынша, өңірде су өткізгіш 6 нысан қайта жаңғыртылуда. Түлкібас ауданында – 2 нысан жаңартылып жатса, оның аясында аудандағы ауылдардың біріне баратын 5 бөгет және 13 магистральды канал қайта іске қосылмақ.

«Кемербастау ауылын ауыз сумен қамтитын «Ұзын» каналы жөнделіп, бетондалуда. Канал ретке келтірілген соң, ауыл тұрғындары бұрынғы суармалы жерлерін игере алады. Бүгінде жөндеу жұмыстарына 300-ге тарта техника тартылған», - дейді «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық бөлімшесі директорының орынбасары Серік Пірімқұлов.




Соңғы жаңалықтар