Түркістан облысында әлеуметтік жағдайды көтеру жұмыстары жанданып келеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында елдің әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жұмыстар жанданып келеді. Осы бағытта «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Мәжіліске аудан-қалалардағы аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары бейнебайланыс режімінде қатысты. Жиында Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – партияның 7 серпіні» бағдарламасына сәйкес партия жұмысын жандандыру мен елдің мүддесін қорғайтын бастамаларды жүзеге асыру және өзге де мәселелер сөз болды. Партия филиалының барлық бөлімдері мен аумақтық филиалдарының өткен жылғы атқарған жұмыстары қортындыланып, жаңа міндеттер жүктелді.

Бейсенбай Тәжібаев партиялық кадрлық резервке үміткерлермен жұмысты күшейту, балалардың құқықтарын қорғау бойынша республикалық жұмыс тобы анықтаған кемшіліктерді жоюды тапсырды. Сондай-ақ, қоғаммен байланысты нығайту мен ақпараттық-идеологиялық жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді. Тұрғындардың талап-тілегіне уақтылы үн қатып, барынша көмектесу керектігіне тоқталды. Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жүйелеп, ірілендіру міндетін жүктеді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 257 бастауыш партия ұйымы бар.

«2019 жылы Түркістан облысы бойынша партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінің «Documentolog» ақпараттық жүйесіне 9 002 арыз-шағым тіркелді. Оның 4 415-і, яғни, 49%-ы оңтайлы шешіліп, 4 587-іне заң аясында кеңес берілді. Тұрғындардың өтініші мен шағымын зерделей келе әлеуметтік көмек, баспана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмыссыздық және денсаулық сақтау бойынша проблема көп екені анықталды. Алдағы уақытта осы салалар бойынша жауапты басшылармен қабылдауды жиі өткізген жөн. Депутаттар мен басшылар, аудан, қала әкімдерінің тұрғындарды кестеге сәйкес қабылдауы назарда болуы тиіс», – деді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Бейсенбай Тәжібаев бұдан өзге облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасын жүзеге асыруға партия мүшелері де белсенді түрде атсалысатынын атап өтті. Облыс басшысы, партия филиалы төрағасы тарапынан тиісті тапсырма жүктелгенін жеткізді. Осыған сәйкес, елдімекендердегі тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларды анықтап, оларға көмек көрсетуде партия филиалдарына белсенді жұмысқа көшуді тапсырды.

Сонымен бірге селекторлық мәжілісте саяси ұйымға белсенді азаматтарды тарту және партиядан қол үзген тұрғындарды партия қатарынан шығару ісін жандандыру керектігін де атап өтті. Бүгінде Түркістан облысында жетекші партияның 85 мыңнан астам мүшесі бар.

Соңғы жаңалықтар