Түркістан облысында «Адал жолды таңдаймыз» эстафетасының туы мақтааралдық жастарға табысталды

None
None
ШАРДАРА. ҚазАқпарат – Түркістан облысында «Адал жолды таңдаймыз» эстафетасының туы Мақтаарал ауданының жастарына табысталды. «Түркістан - Адалдық алаңы» Жобалық кеңсесімен бастау алған жастар арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған марафон бұған дейін шағалалы Шардара ауданында өткен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар арасында өткен қорытындылау іс-шарасы Шардара су қоймасының жағалауында 400 - ге жуық жастардың қатысуымен өтті. Ауданда алғаш рет өткен эстафетаны табыстау рәсіміне келген қонақтар алдымен аудандық мұражай жәдігерлерімен, қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысты. Әрі қарай шара аясында жағажайда ұйымдастырылған футбол, волейбол, балық аулау, суда жүзу және желкенді қайық іспетті спорт ойындарын тамашалады. Іс - шараға арнайы қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің Сарыағаш аймағы бойынша аудандаралық басқармасының басшысы С.Жантөреев өткізіліп жатқан марафонның маңыздылығын атап, оған белсене қатысқан азаматтарға Алғыс хаттар тапсырды. Эстафета аясында Шардара ауданының әкімі Қ.Жолдыбай шараны қортындылап, туды қабылдап алған мақтааралдық жастарға жоғары дәрежеде өткізетініне сенім білдірді.

Айта кетейік, марафон аталған департаменттен бастау алып, әрі қарай Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Сайрам, Түлкібас, Төлеби және Шардара аудандарында өтті. Марафон аясында түрлі бағыттағы іс-шаралар барлық аудан, қала жастарының белсенді қатысуымен ұйымдастырылды. Ал, марафонның жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 9-шы желтоқсан Халықаралық жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында өтеді деп жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар