Түркістан облысында 8-сынып оқушысы коронавирус туралы жалған хабар таратқан

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан жасөспірім ұсталды. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының кәмелет жасына толмаған тұрғыны әлеуметтік желі арқылы жұртқа індет таралғаны туралы жалған хабарлама жолдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 наурызда Кентау қалалық полиция бөліміне әлеуметтік желіде Қарнақ ауылында коронавирус жұқтыру туралы ақпарат тарағаны жөнінде хабарлама түскен.

Осы ақпаратты таратқан адамды анықтау үшін полиция бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылып, аталған жайт ҚР ҚК 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша тіркелген.

Жедел-іздестіру шараларының барысында кентаулық полицейлер жасөспірімді ұстады. Ол осы ауылдағы мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірім қылмысын толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан. Жасөспірім ата-анасының қадағалауына тапсырылып, олармен тиісті профилактикалық әңгіме жүргізілді.

«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ендігі жерде жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылады» делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар