Түркістан облысында 5 мыңға тарта жас құрылыс жұмыстарына тартылады

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - Түркістан облысында жазғы демалыс кезінде 5 мыңға тарта жас құрылыс жұмыстарына тартылады. «Түркістан жастарының құрылыс жасағы» ұйымы құрылып, 3000-нан астам азаматтың тізімі жасалған. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кезекті есеп беру жиынында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыста жастардың саны 500 мыңнан асады. Биылғы жылы «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 5500-ге жуық жасқа қолдау білдіру үшін 2 млрд теңге бөлінеді. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында, 2 млн теңге көлемінде кепілсіз «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 8 жоба қаржыландырылды. «Серпін - 2050» жобасы бойынша 2018 жылы 1 589, биыл қосымша 137 жас грантқа ие болған. Облыстық Жастар ресурстық орталығы жанында жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін 24 үйірме мен клуб жұмысына 14 мыңға жуық жастар қатысып жүр.

«Елбасымыз жастармен өткен кездесуінде жастарға байланысты негізгі 4 мәселеге тоқталды. Соның бірі - жұмыссыздық. Елбасымыз жастарды Түркістан қаласының құрылысына тартуды арнайы сөз етті. Бүгінгі таңда біз ақпанның ішінде мердігер құрылыс компанияларымен меморандумға отырып, наурыздан бастап жастарды құрылыс жұмыстарына жібереміз. Тұрақты жалақы көлемі 70 мың мен 100 мың теңге арасында болмақ. Оған қоса, «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы 1300-дей жас жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, Елбасы өз сөзінде ішкі туризмді дамытуды, яғни шетелдік туристерді көптеп тартуды атап өтті. Келген туристерге өңіріміздің терең тарихын танытып, халықтың қонақжайлығын көрсетіп, киелі жерлердің ерекшеліктерін лайықты түсіндіріп бере алатын 100 гидті арнайы оқу курсынан өткізіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасаймыз»,- деді Жансейіт Түймебаев.

Облыс басшысының сөзінше, биыл студенттерді өңірдегі тарихи-мәдени туристік аймақтарға экскурсия ұйымдастырылатын болады. Жастардың алған әсерлері туралы сайттарда, әлеуметтік желілерде таратып, ең үздіктерін марапатталмақ.

Бұдан бөлек, осы ақпан айынан бастап «Жас кәсіпкер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Жас кәсіпкер кепілсіз 2 млн теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиені жылдық 4%-бен алатын болады.

«Ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы ауыл аймақтағы 200-ден астам жас кәсіпкерге төмен пайызбен (6 %) 1,5 млрд теңге несие беруді көздеп отырмыз. Сондай-ақ, 1200 жұмыссыз азамат кәсіпкерлік негіздері курстарынан өткізіп, олардың кемінде 80%-ына төмендетілген пайызбен несие берілетін болады. «Жастарды тұрғын үймен қамту» жобасы аясында түрлі көздерден 260 жасты баспанамен қамту көзделуде»,- деді Жансейіт Түймебаев.

Соңғы жаңалықтар