Түркістан облысында 300-ге тарта жұмысшының жалақы қарызы өтелді

None
None
ТҮЛКІБАС. ҚазАқпарат - Түркістан облысы, Түлкібас ауданында 300-ге тарта жұмысшының жалақы қарызы өтелді. Жұмыс беруші компанияға Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін ұсыныс беріліп, 744 мың теңге айыппұл төлеу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық прокуратураның мәліметінше, қомақты қарыз «ЕVRASCON» Еуро-Азиялық құрылыс корпорациясы» ААҚ Қызылорда филиалында қордаланған. 300 жұмысшыға берешектің көлемі 63,5 млн теңгеге жеткен. Бұл келеңсіздіктер мониторинг барысында, филиал жұмыскерлерімен сұхбаттасу кезінде анықталған. Прокурорлардың сөзінше, тексеріс кезінде азаматтардың басқа да бірқатар еңбек құқықтарының бұзылғаны белгілі болған.

«Қадағалау актісі негізінде еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, жалақының уақтылы төленбегенін, жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы сақталмағанын анықтады. Жекелеген жұмыскерлермен еңбек шарты жасалмаған, арнайы киіммен қамтамасыз етілмеген, қауіпті жағдайдағы жұмыстар үшін төлем дұрыс жүргізілмегені расталды. Бүгінгі күні еңбекақы бойынша берешек толық өтелді» делінген хабарламада.

Қадағалау органының өкілдері аталған кәсіпорын тарапынан заңбұзушылықтар бірнеше рет қайталанғанын айтады. Мәселен, өткен жылы 350 жұмысшыға 41 млн теңгеге жалақы берешегі өтелген болатын.

Соңғы жаңалықтар