Түркістан облысында 300-ден астам нәзікжанды полицей марапатталды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында 300-ден астам нәзікжанды полицей марапатталды. Полиция департаментінде өткен салтанатты шараға шенді арулар мен әйел қызметкерлер, сондай-ақ қызмет бабында қаза тапқан полицейлердің жұбайлары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрында ұйымдастырылған мерекелік шараны облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Өңірдің бас полицейі әйел қызметкерлердің ерлермен иық тіресе қоғамдық тәртіпті күзетіп, түрлі қылмыстарды ашуда белсенділік танытып жүргенін атап өтті. Өз қызметтерін мінсіз атқарып жүрген барша қыз-келіншектер мен погонды арулардың отбасына баянды бақыт пен ынтымақ, Қазақстан халқы үшін адал еңбек атқарып жүре берулеріне тілектестігін білдірді.

Халықаралық әйелдер мерекесінің құрметіне департамент басшысы Округтік әскери-дәрігерлік комиссиясының төраға-дәрігері Ләззат Қалматаеваны ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен, ЖЖБ-ның аға инспекторы полиция майоры Гүлнар Ешенқұлованы ҚР ІІМ-нің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен, АБ-ның анықтаушысы полиция капитаны Бибігүл Төреханованы ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, ҚҚЕБ-ның бас маманы Гүлназира Жолтаеваны ІІМ-нің Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар 8 полицей аруға алғыс хаттар мен 300-ден астам қызметтегі қыз- келіншектерге ақшалай марапат табыстады. Қонақ ретінде шақырылған, полиция қызметінде ерлікпен қаза тапқан ер азаматтардың жұбайларына арнайы соңғы үлгідегі теледидарлар тапсырды.

Салтанатты жиын соңы қалалық сазды-драма театрының өнер ұжымы мен полициядағы бірқатар ер азаматтар дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Соңғы жаңалықтар